Пәтуа сағаты қажылық үкімдеріне де арналды 6323

Пәтуа сағаты қажылық үкімдеріне де арналды

01 мамыр 2026 15 Оқу 1 минут

Ақтөбе облысы бойынша мешіттердің имам-ұстаздары сәуір айына жоспарланған кезекті «Пәтуа сағатын» өткізді. Жұма намазынан кейін ұйымдастырылған кездесуде жамағаттың діни сауалдары тыңдалып, шариғат аясында нақты әрі тұшымды жауаптар берілді.

Бұл жолғы пәтуа сағаты «Бөліп төлеу арқылы үлкен және кіші қажылыққа бару үкімі» тақырыбымен жалғасын тапты. Имамдар аталмыш мәселені жан-жақты түсіндіріп, қазіргі таңда кең тараған бөліп төлеу (рассрочка) арқылы қажылыққа барудың шариғи үкімін баяндады. Атап айтқанда, мұндай келісімдердің адал (халал) болуы үшін пайызсыз, өсімсіз жүзеге асуы қажеттігі, сондай-ақ келісімшарттың ашық әрі әділ болуы шарт екені айтылды. Егер қаржылық мәміле шариғат талаптарына сай келмесе, онда мұндай жолмен қажылыққа барудан сақтану керектігі ескертілді.

Сонымен қатар, қажылыққа барудағы басты талаптардың бірі – қаржылық және физикалық мүмкіндіктің болуы екені, қарызға белшеден батып немесе өзге міндеттерді ескермей сапарға шығудың дұрыс еместігі де кеңінен түсіндірілді.

Кездесу барысында жамағат тарапынан қойылған намаз, ораза, зекет, сауда-саттықтағы адалдық, отбасылық мәселелер және өзге де діни сұрақтарға Құран мен сүннет негізінде жауаптар берілді. Имамдар жамағатты діни мәселелерде сенімді дереккөздерге жүгінуге, дәстүрлі ислам құндылықтарын ұстануға шақырды.

Мұндай «Пәтуа сағаттары» тұрғындардың діни сауатын арттырып, қоғамда дұрыс түсініктің қалыптасуына өз үлесін қосып келеді.