«Әйел адамның әлеуметтік желідегі әдебі» тақырыбында семинар өтті
Ақтөбе қалалық орталық мешітінде ҚМДБ Ақтөбе облысы өкілдігінде «Әйел-қыздар» секторының ұйымдастыруымен «Әйел адамның әлеуметтік желідегі әдебі» тақырыбында семинар өтті.
Іс-шараның мақсаты – заманауи ақпараттық кеңістікте мұсылман әйелінің мінез-құлқы мен сөйлеу мәдениетін, сондай-ақ желідегі жауапкершілікті түсіндіру болды.
Семинарға «Бақытжан» мешітінің ұстазы, РАТТ мүшесі, журналист Ақтолқын Тажикова және Ақтөбе облысы бойынша «Әйел-қыздар» секторының жетекшісі Кенжегүл Қушқарова және Ақтөбе қалалық орталық мешітінің ұстазы Гүлжайнар Мұсақызы арнайы қатысып, жамағатқа маңызды насихат айтты.
Ақтолқын Тажикова өз сөзінде әлеуметтік желіні пайдалы бағытта қолданудың жолдарын атап өтіп: «Желі – ниет пен ойдың таразысы. Әрбір жарияланған сөзіміз, пікіріміз де – жауапкершілік. Сондықтан мұсылман әйел көркем сөзді, ізгі ойды ғана бөлісуге тырысуы қажет» – деді. Сонымен қатар әлемдік, републикалық статистикаларға да шолу жасады.
Ал Кенжегүл Қушқарова желідегі әдептің діни және тәрбиелік қырларына тоқталып, сүннетке сай сөйлеу әдебін мысалдармен түсіндірді. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірсе – жақсы сөз айтсын немесе үндемесін» (Бухари, Муслим) деген хадисін еске салып өтті.
Семинар барысында қатысушылар сұрақтар қойып, өз ойларымен бөлісті. Іс-шараға қыз-келіншектер қатысып, пайдалы мағлұмат пен рухани әсер алды.
Жиын соңында қатысушылар ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіріп, әйелге тән көркем мінез бен иманды болмыстың қоғамдағы маңызын тағы бір мәрте сезінді.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі







































