Құрбан айт – Жаратқанға жақындау  мен қайырымдылықтың мерекесі! 2803

Құрбан айт – Жаратқанға жақындау мен қайырымдылықтың мерекесі!

28 маусым 2023 4388 Оқу 1 минут

Қадірлі отандастар және ақтөбеліктер!

Күллі мұсылман қауымының ұлық мерекесі – Құрбан айт мейрамымен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын!

Бұл мереке мейірім мен шапағаттың, ізгілік пен жомарттықтың қазығы ретінде қоғамның рухани-адамгершілік негізін нығайтуға ықпал етеді.

Берекеге бастаған құрбан айт ұлттар мен ұлыстарды мейірімділікке, игілікке, бірлікке, мейірім мен кешірімге үндейді.

Айт – ағайынның ауызбіршілігін арттыра түсетін, мұсылман қауымын имандылыққа ұйытып, барша адамды қанағат пен тәубеге шақыратын мейрам.

Туыс пен бауырға, көрші мен дос-жаранға айттап бару, қадірлі қонаққа айттық беріп, үлкеннің алғысы мен батасын алу – сонау заманнан жалғасып келе жатқан мұсылмандық дәстүріміз. Осы игі дәстүрді қоғамда қайта жаңғыртып, жастарға үлгі-өнеге көрсетуге шақырамын!

Құрбан – араб тілінде «жақын болу», «жақындау» деген ұғымды білдіреді, яғни жасаған сауап істер арқылы жүректі тазартып, Аллаға жақындай түсу деген сөз. Ал шариғаттағы терминдік мағынасы — «шарттарымен санаса отырып құлшылық ниетімен мал бауыздау» дегенге саяды.

Құрбан айтта орындалатын ең қайырлы амал – шынайы ниетпен Алла разылығы үшін құрбан шалу. Айт күні жағдайы бар кісілер құрбан шалып, оны қараусыз қалған қариялар мен жетімдерге, көпбалалы отбасыларға таратып, сауап алады. Алайда, айт күндері мал бағасы қымбаттап кететін жағдай жиі орын алады. Осы ретте ақтөбелік шаруаларға мал бағасын шарықтатпай, пайдаға емес, сауапқа бөленуге үндеймін. Өйткені, Құрбан айт – Жаратқанға жақындау мен қайырымдылықтың мерекесі.

Алла Тағала қасиетті Құранда: «Ұмытпаңдар, олардың еті де, қаны да ешқашан Аллаға жетпейді. Оған жететін нәрсе – жүректеріңізге ұялаған тақуалықтарың (шынайы ниеттерің)» («Хаж» сүресі, 37-аят), – деп адал ниеттің маңыздылығын атап өткен.

Дұға-тілектеріміз бен ізгі амалдарымыз және шалған құрбандықтарымыз, қасиетті Мекке қаласында қажылығын өтеп, еліміздің игілігі үшін дұға жасап жатқан ата-әжелеріміз бен бауырларымыздың тілегі қабыл болғай!

Баршаңызды бүгінгі қасиетті Құрбан айт мейрамымен құттықтай отырып, елімізге тыныштық, отбасыларыңызға амандық, зор денсаулық, тілеймін! Құрбан айт жүректеріңізге жарқын үміт ұялатып, ертеңгі күнге деген сенімдеріңізді нығайта түссін!

Айт құтты болсын!


Серікжан Еншібайұлы

Ақтөбе облысының Бас имамы