Облыстың Бас имамы Құрбан айтпен құттықтады 1881

Облыстың Бас имамы Құрбан айтпен құттықтады

08 шілде 2022 157 Оқу 1 минут

Серікжан Еншібайұлы, 

Ақтөбе облысының Бас имамы


Қадірлі отандастар және ақтөбеліктер!



Күллі мұсылман қауымының ұлық мерекесі – Құрбан айт мейрамымен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын!

Бұл мереке мейірім мен шапағаттың, ізгілік пен жомарттықтың қазығы болып табылады, қоғамның рухани-адамгершілік негізін нығайтуға ықпал етеді.

Берекеге бастаған құрбан айт ұлттар мен ұлыстарды мейірімділікке, игілікке, бірлікке, мейірім мен кешірімге үндейді.

Айт – ағайынның ауызбіршілігін арттыра түсетін, мұсылман қауымын имандылыққа ұйытып, барша адамды қанағат пен тәубеге шақыратын мейрам.

Құрбан – араб тілінде «жақын болу», «жақындау» деген ұғымды білдіреді, яғни жасаған сауап істер арқылы жүректі тазартып, Аллаға жақындай түсу деген сөз. Ал шариғаттағы терминдік мағынасы — «шарттарымен санаса отырып құлшылық ниетімен мал бауыздау» дегенге саяды.

Қасиетті Құранда:

وَمَا خَلَقْتُ الْجِنَّ وَالْإِنسَ إِلَّا لِيَعْبُدُونِ

«Мен жындар мен адамдарды (Мені танып), маған ғана құлшылық жасасын деп жараттым» («Зарият» сүресі, 56-аят),-деп адамның жаратылуындағы мақсат – құлшылық, Аллаға бағыну, разылығына ұмтылу екенін баяндайды.

Осынау айтулы күндерде жүрегіне иман ұялаған әрбір адам жақсы істер жасауға, көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созып, айналасына қуаныш сыйлауға тырысады.

Дұға-тілектеріміз бен ізгі амалдарымыз және шалған құрбандықтарымыз қабыл болсын!

Баршаңызды бүгінгі қасиетті Құрбан айт мейрамымен құттықтай отырып, елімізге тыныштық, отбасыларыңызға амандық, зор денсаулық, тілеймін! Құрбан айт жүректеріңізге жарқын үміт ұялатып, ертеңгі күнге деген сенімдеріңізді нығайта түссін!

Айт құтты болсын!