РАНТ мүшесі әскери институттың студенттерімен кездесті
РАНТ мүшесі, Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы Жексенбай Торбаев Т.Бигелдинов атындағы ӘҚК Әскери институтының студенттерімен кездесті.
«Діни жат ағымдардың алдын алу» тақырыбында РАНТ мүшесі қазіргі қоғамдағы діни экстремизм мен радикалды идеологиялардың қауіптілігіне тоқталып, дәстүрлі ислам құндылықтарын ұстанудың маңызын түсіндірді. Сондай-ақ жастардың діни ақпаратты тек сенімді әрі ресми дереккөздерден алуы қажеттігін айтып, жат ағым өкілдерінің үгіт-насихат жүргізу тәсілдері мен олардың белгілері жөнінде кеңінен мәлімет берді.
Кездесу барысында ата-баба жолына негізделген дәстүрлі Ханафи мәзһабы мен Матуриди сенім мектебінің ерекшеліктері айтылып, ұлттық құндылықтар мен діни танымның өзара сабақтастығы түсіндірілді.
Наиб имам студенттер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріп, ел тыныштығы мен бірлігін сақтауда жастардың жауапкершілігі ерекше екені атап өтті. Кездесу соңында қатысушыларға ізгі тілектер айтып, қоғамның тұрақтылығы мен амандығы үшін дұға жасалды.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі




































