Аграрлық-техникалық колледжі студенттері мешітке тазалық жасады
«Таза Қазақстан» акциясы аясында Ш.Берсиев атындағы Ақтөбе жоғары аграрлық-техникалық колледжінің студенттері ұстаздарымен бірге Әл-Ләтиф мешітіне келіп, мешіт аумағында тазалық жұмыстарын жүргізді.
Аталған игі іс-шараның негізгі мақсаты – қоршаған ортаны қорғау, қоғамдық орындардың тазалығын сақтау, сондай-ақ жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру және рухани-адамгершілік құндылықтарды насихаттау болып табылады.
Іс-шара барысында студенттер мешіттің сыртқы аумағын тазалап, қоғам игілігіне өз үлестерін қосты. Бұл әрекет ислам дініндегі «Тазалық – иманның жартысы» деген қағиданы іс жүзінде көрсетуге бағытталды. Өйткені, иманды адам әрдайым тазалық пен ұқыптылықты өмірінің ажырамас бөлігі ретінде ұстануы тиіс.
Шара соңында Әл-Ләтиф мешітінің бас имамы Рүстембек Аманғосұлы студенттер мен ұстаздарға алғыс білдіріп, олардың жасаған игі істерінің сауаптан болуын тіледі.
Сонымен қатар, «Ислам және адал қоғам» тұжырымдамасы аясында келген қатысушыларға «Иман журнал» таныстырылып, оның мазмұны мен маңыздылығы түсіндірілді және таратылды.
Аталған іс-шара – жастарды ізгілікке, жауапкершілікке және қоғамға пайдалы болуға тәрбиелеудің жарқын үлгісі. Ұйымдастырушылардың басты мақсаты – қоғамда тазалық мәдениетін нығайту, адалдық пен рухани құндылықтарды дәріптеу және «Ислам және адал қоғам» идеясын кеңінен насихаттау болып табылады.
Барша азаматтарды қоршаған ортаны аялауға, тазалықты сақтауға және қоғамның дамуына үлес қосуға шақырамыз.












































