Облыстың Бас имамы мүмкіндігі шектеулі жандармен жүздесті 2539

Облыстың Бас имамы мүмкіндігі шектеулі жандармен жүздесті

15 наурыз 2024 342 Оқу 1 минут

Бүгін Ақтөбе облысы өкілдігінің ұйымдастыруымен «Ислам және ізгі қоғам» жылы аясында 5 бағыттың бірі – «Ислам және насихат» негізінде облыстың Бас имамы Серікжан Еншібайұлы мен ҚМДБ Жастар ісі секторының Ақтөбе облысы бойынша өкілі Еламан Кәрім «Қалалық Қазақ саңыраулар қоғамы мәдениет Үйі» КММ-де мүмкіндігі шектеулі жандармен кездесті. 

Ізгі кездесу барысында облыстың Бас имамы: «Біздің назар салуымыз керек мәселенің бірі – мүмкіндігі шектеулі жандарға дін насихатын жүргізу, Алланы таныту»,-дей келе, руханияттың төл телеарнасы, ҚМДБ-ның республикалық «Мұнара.тв» телеарнасынан мүмкіндігі шектеулі жандарға арнап насихат жұмысын ұйымдастыру туралы, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандар үшін бейне таспаға түсірілген уағыздарды сурдо-аударма жұмыстары алдағы уақытта жасалатынын айтты.

Сонымен қатар жүздесуде Серікжан Еншібайұлы: «Адам баласына тағдырдың жазуымен сан түрлі қиындықтар кездесуі мүмкін. Тек соған сабыр етіп, келер күнге деген үміт пен сенімді жоғалтпай сабырмен қарау ләзім. Қиындықтар кездессе оған сабыр ету – болашақта адамға келетін нығметтердің, жетістіктердің басы деп қабылдауымыз қажет. Қазақтың «Әрбір істің қайыры бар» деген сөздері осындайда еріксіз еске түседі.

Бұл жайында Құран Кәрімнің «Әли Имран» сүресінің 146-аятында: «Алла сабыр етушілерді сүйеді», - делінсе, «Нахл» сүресінің 96-аятында: «Расында, сабыр еткендерге жасаған амалдарынан да жақсы сый береміз», - деп айтылады.

Адамзаттың ардақтысы Пайғамбарымыз (с.ғ.с):«Мұсылманның қандай да бір ісі таңғаларлық. Қандай іс болмасын, ол өзіне жақсылық деп біледі. Егер оған бір жақсылық жетсе, ол Аллаға шүкіршілік айтады. Сол шүкір айтқаны үшін оған Алладан жақсылық болады. Ал егер оған бір қиындық жетсе, сабыр етеді. Сол сабыр еткені үшін оған Алладан жақсылық болады», – дейді (Имам Мүслім 2999 б). Демек, сабырлы адамға Ұлы Жаратушының шексіз нығметтері бар екендігін осылай өсиет еткен»-деп насихат айтты.

Ал алдағы келе жатқан Рамазан айы туралы және дін мен дәстүр аясында мазалап жүрген сұрақтарына егжей-тегжей жауап беріп, БАҚ өкілдеріне бүгінгі шараның маңыздылығы туралы сұхбат берді.

Шара қортындысында мекеме қызметкерлері мен шараға қатысушылар облыстың Бас имамына алғысын білдірді.


Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі