РАНТ мүшесі колледж тынысымен танысты 6289

РАНТ мүшесі колледж тынысымен танысты

16 сәуір 2026 34 Оқу 1 минут

Республикалық ақпараттық-насихат тобының мүшесі Жандос Орынбайұлы «Ислам және адал қоғам» жылы аясында Хромтау тау-кен техникалық жоғары колледжінің тыныс-тіршілігімен танысты.

Құрметті мейманды қарсы алған колледж директоры Бағдашжан Молдашева оқу орнының жетістіктері мен даму бағыттарын таныстыруды Қазақстан Республикасы Президентінің колледжге қалдырған тарихи қолтаңбасынан бастады. Бұл – білім ордасы үшін үлкен мәртебе әрі ұжымның еңбегіне берілген жоғары баға екені атап өтілді.

Одан әрі Жандос Орынбайұлы болашақ кеншілерді даярлауға арналған заманауи оқу құралдарымен, зертханалық кабинеттермен және өндірістік тәжірибеге бейімделген арнайы жабдықтармен танысты. Әсіресе, студенттердің кәсіби дағдыларын шыңдауға мүмкіндік беретін жасанды имитациялық шахта қонақтың ерекше қызығушылығын тудырды. Мұнда білім алушылар нақты өндірістік жағдайларға жақын ортада тәжірибе жинақтап, қауіпсіздік талаптарын сақтауды меңгереді.

Кездесу барысында тараптар «Ислам және адал қоғам» жылы аясында жастарға рухани-адамгершілік тәрбие беру, адалдық, еңбекқорлық, жауапкершілік сияқты құндылықтарды насихаттау мәселелерін де талқылады.

Іс-шара соңында Жандос Орынбайұлы колледж ұжымының жұмысына табыс тілеп, оқу орнынан ел дамуына үлес қосар шәкірттердің көптеп шығуына тілектестік білдірді.