«ҚҰРАНМЕН НҰРЛАНҒАН ЖҮРЕК» РУХАНИ КЕШІ ӨТТІ 6290

«ҚҰРАНМЕН НҰРЛАНҒАН ЖҮРЕК» РУХАНИ КЕШІ ӨТТІ

20 сәуір 2026 190 Оқу 1 минут

Ақтөбе қалалық орталық мешіті жанындағы әйел-қыздар діни сауат ашу бөлімінде «Құранмен нұрланған жүрек» атты рухани кеш және тәж кию рәсімі жоғары деңгейде ұйымдастырылып өтті.

Аталған шара ұстаз Анар Қойшығұлованың шәкірттерінің Құран әліппесі мен тәжуид сабақтарын тәмамдап, қасиетті Құранға қадам басқан қуанышты сәттеріне арналды. Рухани кешке жалпы саны 65 әйел жамағаты қатысып, олардың ішінде 40 шәкіртке арнайы сертификат табысталып, тәж кигізілді.

Игі шара қасиетті Құран Кәрім аяттарымен басталып, дұға жасалды. Кешке арнайы қатысқан мешіттің наиб имамы Қанат Қасымов Амангелдіұлы жамағатқа «Құранның қадір-қасиеті», «Құран оқудың артықшылығы», «Әйел-ана және бала тәрбиесі» тақырыптарында мазмұнды да әсерлі насихат айтты.

Сонымен қатар, мешіт ұстазы Анар Қойшығұлова «Құранмен нұрланған жүрек – Құранмен бақытты өмір» тақырыбында сөз сөйлеп, Құранмен тұрақты байланыста болу, аяттарына терең ой жүгірту, оны өмір салтына айналдыру және амал ету жайында тағылымды ойларымен бөлісті.

Шара барысында наиб имам Қанат Қасымов пен ұстаз Анар Қойшығұлова 40 шәкіртке сертификат табыстап, түлектік лента тағып, қасиетті Құран Кәрімді сыйға беріп, тәж кигізді.

Рәсімнің ерекше әсерлі тұстарының бірі – тәж киген шәкірттердің Пайғамбарымыздың (оған Алланың сәлемі мен салауаты болсын):

«Кім Құранды оқып, үйреніп, онымен амал етсе, Қиямет күні оның ата-анасына нұрдан тәж кигізіледі…» деген хадисіне сәйкес, өз аналары мен енелеріне құрмет көрсетіп, тәждерін бөлісіп, алғыстарын білдіруі болды. Бұл көрініс көпшіліктің жүрегіне ерекше әсер қалдырды.

Кеш барысында шәкірттердің орындауында «Айша» әні шырқалып, табиғин Уайс әл-Қарнидің Пайғамбарға деген сүйіспеншілігі мен ата-анаға құрметі бейнеленген тағылымды көрініс қойылды. Сонымен қатар, мешіт белсендісі Рада Айсаулинаның орындауында «Ана туралы жыр» домбырамен шырқалып, кештің рухани мазмұнын арттыра түсті.

Шара аясында мешіт ұстазы Айзат Қобланқызы «Құран үйренуші шәкірттерге кеңес» тақырыбында насихат айтып, сабырлылық, тұрақтылық және Құранмен амал етудің маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ шәкірттердің орындауында «Құлшылық пен нәпсі» атты әсерлі көрініс ұсынылды.

Рухани кеш соңында жамағатқа дастархан жайылып, аналардың ақ батасы беріліп, жылы лебіздер айтылды.

Бұл тағылымды шара – Құран ілімінің қадірін ұлықтап, жүректерге иман нұрын себетін, рухани тәрбие беретін игі бастамалардың бірі болды.