РАНТ мүшесі имамдардың білімін жетілдіру курсын өтті
ҚМДБ-ның жылдық жоспарына сай Бас мүфтидің кеңесшісі, ҚМДБ Стратегиялық талдау және даму бөлімінің меңгерушісі, РАНТ мүшесі Смайыл Сейтбеков Ақтөбе облысына арнайы іс сапармен келді.
Іс сапар барысында ҚМДБ Ақтөбе облысы өкілдігінің ұйымдастыруымен Ақтөбе облысының қала, аудан мешіттерінің имам-ұстаздарының білімін жетілдіру мақсатында өткен «Ислам тарихы» тақырыбында екі күн семинар-курсты жүргізді.
Аталған семинарды Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы Нұрбол Смағұлов ашып, аталған дәрістің дін мамандары үшін маңыздылығына тоқталды.
РАНТ мүшесі ардақты пайғамбарымыздың (с.ғ.с) шежіресінен бастап, әділетті 4 халифаның отбасы туралы жеке-жеке тоқталып, аталған 4 халифаның кезеңіндегі кейбір тарихи деректерде келетін мәселелерді кеңірек түсіндірді.
Екі күнді қамтыған семинар өте қызықты һәм тартымды өтіп, қатысушылар тапжылмай тыңдап, көкейлерінде жүрген сұрақтарына тұшымды жауап алды. Шара қортындысында семинарға қатысушыларға облыстың Бас имамы атынан сертификат табысталды.
Одан өзге Бас мүфти кеңесшісі сапар барысында жергілікті БАҚ өкілдеріне сұхбат берді.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі
















































