Мәртөк ауданына жаңа бас имам тағайындалды
Бүгін ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бұйрығымен Мәртөк ауданының бас имамы болып Нұрберген Қазенов тағайындалды.
ҚМДБ Ақтөбе облысы өкілдігінен арнайы келген Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы Махамбет Бисенов Бас мүфтидің бұйрығын оқып берді. Жаңадан тағайындалған бас имам Нұрберген Қазеновты таныстырып, қызметіне сәттілік тіледі. Өз кезегінде осы уақытқа дейін Мәртөк ауданының бас имамы қызметін атқарған Марал Иманғалиға ризашылығын білдірді.
Мәртөк ауданына арнайы іс сапармен барған облыстық мешіттің наиб имамы Мәртөк аудандық әкімдігінің орынбасары Қайрат Хасенұлымен кездесті. Кездесу барысында ауданның діни ахуалы туралы сөйлесіп, жаңадан тағайындалып жатқан бас имамды таныстырып, қызметіне қолдау білдіруге шақырды. Ресми жиын қорытындысында "Мүфтият" баспасынан шыққан төл еңбекті табыстады.
Нұрберген Қазенов Шалқар ауданындағы Байқадам ауылында дүниеге келген. «Сарыағаш» медресе-колледжінің, «Нұр Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінің түлегі.
2024 жылдан бүгінге дейін Мәртөк аудандық мешітінің наиб имам қызметін атқарды. Сонымен қатар жастар ресурстық орталығының кеңесші теологы болды.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі









































