Рухани таным мен тарихи тағылым тоғысқан сапар 6307

Рухани таным мен тарихи тағылым тоғысқан сапар

26 сәуір 2026 7 Оқу 1 минут

РАНТ мүшесі Жандос Орынбайұлы Хромтау ауданына сапары барысында уағыз-насихат айтып, ағартушылық бағыттағы жұмыстарды жүргізумен қатар өңірдің тарихи-мәдени мұраларымен де кеңінен танысты. Сапар аясында ол аудандық тарихи-өлкетану музейінде болып, Хромтау өңірінің бағзы заманнан бүгінге дейінгі шежіресіне қанықты.

Музей директоры Нұргүл Аманғалиева қонақты жылы қарсы алып, әрбір экспонаттың тарихына жеке тоқталып, аудан аумағындағы тарихи-мәдени нысандар жайында мазмұнды мағлұмат берді. Көнеден сыр шертетін жәдігерлер арқылы өлкенің бай тарихы мен рухани мұрасы кеңінен таныстырылды.

Кездесу барысында РАНТ мүшесі ҚМДБ тарапынан жүзеге асырылып жатқан «Дархан дала» жобасының маңыздылығына ерекше тоқталды. Оның айтуынша, ислам діні қай халықтың болмасын тарихы мен мәдениетіне құрметпен қарап, өткенге тағзым етуге үндейді. Бұл – ұлттың рухани тұтастығын сақтаудың маңызды тетігі.

Жандос Орынбайұлы музей қорындағы діни жәдігерлермен де танысып, араб, шағатай тілдерінде және төте жазумен жазылған сирек кітаптарды оқып берді. Олардың қатарында Қасиетті Құран, Құранды оқу әдістемесіне арналған еңбектер, дұғалар жинағы, тарих және мәзһабтар жайлы кітаптар бар. Бұл жәдігерлер – ата-бабаларымыздың діни сауаттылығы мен рухани ізденісінің айқын дәлелі.

Сонымен қатар, ол қасиетті мекен – Мекке қаласынан әкелінген көне жайнамазды көріп, оның тарихи әрі рухани құндылығына ерекше назар аударды. Мұндай жәдігерлердің жас ұрпақ тәрбиесінде алар орны зор екендігін атап өтті.

Сапар соңында РАНТ мүшесі музейде Құран аяттарын оқып, ел тыныштығы, жеріміздің амандығы және халқымыздың бірлігі үшін дұға жасады.