Қаланың Бас имамы «Бақытжан» мешітіне барды 5927

Қаланың Бас имамы «Бақытжан» мешітіне барды

12 ақпан 2026 77 Оқу 1 минут

Ақтөбе қаласының бас имамы Алмат Әли қала аумағындағы мешіттердің ахуалын көру мақсатында Жаңақоныс елді мекенінде орналасқан «Бақытжан» мешітіне іссапармен барды. Арнайы сапарға Ақтөбе қалалық орталық мешітінің наиб имамы Қанат Қасымовта қатысты. 

Сапар барысында Алмат мешіттің тыныс-тіршілігімен танысып, жүргізілген жаңғырту жұмыстарын көрді. Атап айтқанда, мешіттің ішкі көрінісі толықтай жаңартылып, кілемдері түгел ауыстырылған, жаңа перделер орнатылып, жиһаздар жаңартылған. Сонымен қатар мешіт іші толық ағартылып, құлшылық орнының келбеті айрықша көркейген. Жылу жүйесінің жұмысы да арнайы тексерілді.

Бас имам мешітке жиналған жамағатпен кездесіп, бесін намазының алдында жамағатты келе жатқан қасиетті Рамазан айымен құттықтады. Қасиетті айдың қадір-қасиеті, оразаның рухани тәрбиесі жөнінде насихат айтып, мұсылмандарды ауызбіршілік пен ізгілікке шақырды. Жамағатпен бірге бесін намазын оқыды.

Кездесу барысында «Бақытжан» мешітінің бас имамы Еламан Кәрімге алдағы Рамазан айына дайындық жұмыстары және 2026 жылға жоспарланған іс-шаралар жөнінде нақты тапсырмалар берілді. Қаланың Бас имамы мешіттің жамағатқа сапалы әрі толыққанды қызмет етуін қамтамасыз етуді және діни-рухани жұмыстарды жүйелі түрде жүргізуді тапсырды.


Ақтөбе облыстық орталық

 «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі