#Рамазан2026: Ақтөбе өкілдігінде 1 күнде 3 рет Құран Хатым басталды
Бүгін «Ислам және адал қоғам» жылына орай Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының Рамазан айына бекіткен жоспарына сай, Ақтөбе облысының Бас имамы Амантай Садиевтің бастамасымен Ақтөбе облысы өкілдігіндегі мешіттер мен «Ақтөбе» медресе-колледжінде күнделікті 3 рет Құран Хатым басталды.
Күнделікті Құран Хатым ерлер және әйел жамағатына және онлайн инстаграм парақшасында өтеді.
Рамазан – Құран айы. «Бес уақыт намаздан кейін жасалған дұға сияқты, хатымнан кейін жасалған дұға да қабыл болады» (Табарани) десе, «Хатым дұғасы жасалған жерге қатысқан адам, олжа таратылып жатқан жерге қатысқан сияқты болады. Хатым етуді бастаған жерде болған адам жиһад етуші сияқты. Екеуіне де қатысқан адам екі сауапқа да қауышады және шайтанды масқаралаған болады» (Хазинәт-ул-әсрар)-делінген. Бұл әрине, түсіне білген әр мұсылман үшін баға жетпес бақыттың бірі.
Ерлер жамағатына облыстық мешіттің ұстазы Талғат Аманов, ал әйел жамағатына офлайн және онлайн форматта мешіт ұстазы Досбол Аймырза Құран Хатымды жүргізеді. Ал офлайнға келе алмайтын әйел жамағаты хатымға Zoom арқылы немесе instagram-ғы @aqtobe_aiel_qyzdar_sektory парақшасы арқылы қосыла алады. Одан өзге жылдағы дәстүр бойынша ҚМДБ Ақтөбе облысы өкілдігінің ресми парақшасы instagram-ғы @nur_gasyr –да онлайн хатымды Мырзабек қари Хамитов жүргізеді.
Айта кетсек, облыстық мешітте аталған мешіттің наиб имамы, «Ақжар» қарилар орталығының директоры облыстың бас қариы Бекжан қари Амангелдіұлы күнделікті тарауық намазын өткізеді.
Облыстық «Нұр Ғасыр» мешітінде ерлерге 16:00-де, әйел жамағатына сағат таңертеңгі 10:00-де, ал instagram-ғы @nur_gasyr –да 14:00-де өтеді.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі

















































