#Рамазан2026: «Шырайлым» клубы: Пейіш-2» фильміне барды
ҚМДБ Ақтөбе облысы бойынша өкілдігінде «Әйел-қыздар» секторына қарасты облыстық «Нұр Ғасыр» мешіті жанындағы «Шырайлым» қыз-келіншектер даму клубының ұйымдастыруымен қасиетті Рамазан айында «Ислам және адал қоғам» жылы аясында әйел жамағаты «Пейіш- 2» фильмінің арнайы көрсетіліміне барды.
Тағылымы мол туынды шәкірттерге терең ой салып, отбасы құндылықтары, ананың мәртебесі мен сабырдың маңызын әсерлі түрде жеткізді.Дәстүр бойынша талқылау жиыны болды. Әр қатысушы фильмнен алған әсерлерімен бөлісті. «Әйел-қыздар» секторының жетекшісі Кенжегүл Кушкарова туындыдағы тәрбиелік мәнге, ата-анаға құрмет турасын жіті талдады. Ал РАТТ мүшесі, «Бақытжан» мешітінің ұстазы_Ақтолқын Тажикова Ислам дінінің көркем түрде сипатталуын, әр актердің рөлі арқылы көрерменге ой талқының жеткізу жолын түсіндіріп, осындай игі шаралар әйел жамағатының рухани дамуына, бірлік пен бауырмалдықтың нығаюына ықпал ететіндігін айтты.
Іс-шара соңында қатысушылар ұйымдастырушыларға алғыс білдіріп, осындай мазмұнды кездесулердің жалғасын табуына тілектестік танытты.

Фильм туралы шәкірттер пікірі
«Пейіш 2» фильмін көріп, өмірде ананың қадірін шын мәнінде тереңірек түсінгендей болдым. Бұл оқиға мені бір ойға жетеледі: біз қазіргі сәтте анамыз үшін қандай шатқалдардан өте аламыз? Дәл сол екі жігіт секілді мақсатымызға табанды түрде жете аламыз ба? Анамызды шын мәнінде лайықты түрде құрметтеп жүрміз бе?
Кейде біз анаға деген құрметті үлкен істерден іздейміз. Ал шын мәнінде, құрмет – күнделікті қарапайым амалдардан басталады: дауыс көтермеу, көңілін сұрау, уақыт бөлу, шаршағанда жанынан табылу, дұғасын алу. Қасиетті Құранда ата-анаға «түһ» деп те айтпауды ескертуі – ананың дәрежесінің қаншалықты биік екенін көрсетеді.
Сонымен қатар, Әділдің шыншылдығы мені ерекше әсерге бөледі. Оның бойынан бір тазалық пен пәктік сезілді. Ерекше балалар жайлы айтылған хадистерді еске алып, олардың жүрегінің тазалығы мен Алланың алдында қадірлі екендігін ұқтым. Себебі біз ақыл-есіміз толық бола тұра, Әділдей әділ, шынайы, есепсіз таза бола алуымыз екіталай. Соған қарамастан бұрынғы сахабалар секілді «естідем де бойұсындым» деген ұстанымды өміріме енгізіп, фильмнен алған әсерді жай ғана сезім күйінде қалдырмай, амалға асыруға бар күшімді салсам деймін. Себебі шынайы өзгеріс – жүректен басталып, іс-әрекетпен бекітілгенде ғана мәнді. Алла Тағала Құранда: «Алланың тыйғанынан тыйылып, бұйрығына бойсұнғандар – міне, солар құтылушылар» деген аятына амалды Әділдің бойынан көргендей болдым. Ол маған шынайы тақуалықтың сыртқы емес, жүректегі тазалықтан басталатынын түсіндірді.
Бұл фильм мен үшін жай ғана оқиға емес, үлкен рухани сабақ болды. Ана – біздің пейішке апарар жолымыз. Егер біз анамыздың разылығын ала алсақ, бәлкім, өз пейішімізге де бір қадам жақындағанымыз шығар.
Ақжарқын Базарбай
«Пейіш-2» фильмі маған қатты әсер етті. Осы уақытқа дейін көп шыға алмай жүрген эмоциялар өз өзімен өте әсерлі түрде шықты. Ана мен баланың арасындағы жіпсіз байланған байланысты, сабырлықты, шыдамдылықты, қайсарлықты екі кейіпкердің де бойынан көруге болады.
Бірінші бөлімінде маған Райхан апаның (Әділдің анасы) айтқан мына сөзі қатты әсер еткен еді. Ауылдастары мазақ етіп, күліп тұрғанда «Сендердің сау балаларын апарам деп айтпаған Меккеге менің ауру балам апарам деп жатыр» дегені бар еді. Шынымен де аяқ -қолымыз сау, он екі мүшеміз бүтін, есіміз орнында бола тұра ата-анамызға қаншалықты жақсы қарым-қатынас көрсетіп жатырмыз? Өте қатты ой салған сәттерге толы, кейіпкерлермен бірге жылап, бірге қуантқан фильм болды.Бір бала Пейіште өз анасымен табысса, екінші бала дүниеде өз анасымен табысты».
Асылзат Маратқызы
«Пейіш-2" фильмі. 2-ші бөлімде Анасын үлкен қажылыққа апарған Әділдің «анасыз» өмірі әрі қарай жалғасты. Өмірде қалған жалғыз досы Самирді тауып, оның арманына жету жолында қолдау білдірді. 1-ші бөлімде анасының арманын орындауды қолға алған болатын. Былай қарасаң өзі «ерекше бала». Фильмде: «Ерекше балаға» қоғам қандай жылу беруі керектігі, ата-ананың позициясы көрсетілді; анасының тұрақтылығының, шынайы сенімінің құрметіне баланың жағдайы жақсарды;
Әділ - әділдіктің таразысы, шыншыл, тәуекелшіл. Самир - өмір есейткен, бәлкім балалық шағы болмаған бала, тәуекелді дұрыс жасауды, адал достықты көрсетті. Қабылдаған шешімдері кей үлкен адамның қолынан келмейтіндей салмақты, бірақ фильмнің соңы Самирдің де бала екенін, өмірде ауыр жүр арқалаған пенденің де ішінде бір бала жатқанын еске түсірді; Әділ көп сөйлемеген соң, фильм тек Самир туралы ма деп ойлаппын. Оның үнсіздігі ол үшін анасы күллі әлемі екенін ұқтырды. Бөлменің жарығын өшіргендей, бүкіл әлем оған қараңғы, тек анасы бар жақ жарық. Басында Әділ үшін қабылданған ең соңғы шешімге наразы болдым. «Ақырет көзімен қараңыздар» деген Ерсін ұстаздың сөзі есіме түсті. Анасы мен баласының пәк сезімін ақыретпен байлағаны ұнады. Осы дүниені жоғары қойған біздерге ақырет көзімен бағамдап өмір сүру қалай болатынын көрсетті. Салмақты дүние үшін Режиссер мен сценаристке респект».
Аида Амантайқызы
«Бүгін «Пейіш 2» атты киноға бардық ұстаздармен. Кино басталғаннан шыққанша көзге жас келіп жылап шықтық. Зал толық болды. Бәрі бір адамдай дем алмай қарап шықтық. Анаға деген сағыныш... Өз анам есіме түсіп сағынышым одан бетер шықты. Адил сияқты менің де өмірімнен түрлі түсті краска жоқ болып кетті, өмірімнің мәні жоғалды. Жұмақ ананың табанының астында деп бекер айтпаған. Алланың мейірімі шексіз ғой баласын анасымен қауыштыру үшін бар мүмкіндік берді. Жасы нешеде болса да анасының орны бөлек. Москваға жетем дегенше қаншама адамдардың сезімдерін оятты. Аналарымыз 💯 жасасын. Анасының баласына деген махаббаты мен Аллаға сенімі туралы да қозғалған. Қазіргі кезде ерекше балдардың аналарының өмірін көргендей болдым»
Алтынгүл Мерғалиқызы
«Шырайлым» қыз-келіншектер клубы алдағы уақытта да тағылымды жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі





































