«Ұлт қазынасы – ардақты әжелер» атты облыстық рухани-танымдық сайыс өтті
ҚМДБ Ақтөбе облысы өкілдігінде «Ислам және адал қоғам» жылы аясында «Дәстүр және отбасы» бағыты бойынша «Әйел-қыздар» секторының ұйымдастыруымен Алғыс айту күні мен қасиетті Рамазан айының рухани атмосферасымен астасқан тағылымды «Ұлт қазынасы – ардақты әжелер» атты рухани-танымдық сайыс өтті.
Іс-шараның басты мақсаты – ұлттық салт-дәстүрді насихаттау, әжелер өнегесін дәріптеу, ұрпақ тәрбиесіндегі ақ жаулықты аналардың рөлін көрсету және қоғамда алғыс айту, шүкіршілік мәдениетін қалыптастыру.
Шара қасиетті Құран аяттарын оқумен басталып, жамағатпен бірге Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салауат айтылды. Жүргізушілер алғыс айту күнінің мән-мағынасына тоқталып, «Кім адамдарға алғыс айтпаса, Аллаға шүкіршілік етпегені» деген хадисті еске алып, шынайы мұсылман имандылықтың белгісі екенін жеткізді.
Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінен «Дәстүр дариясы» тобы, Ақтөбе қалалық сауат ашу орталығынан «Асыл қазына» тобы, «Бақытжан» мешітінен «Даналық мектебі» тобы, «Әзіреті Біләл» мешітінен «Ақ жаулықты әжелер» тобы, Қобда аудандық «Шәріп молда» мешітінен «Асыл әжелер» тобы тартысты додада бақ сынады.
Сайыс бірнеше кезеңнен тұрды. Алғашқы «Таныстыру» кезеңінде қатысушы әжелер өздерін таныстырып, өмірлік тәжірибесімен бөлісті. Бұл бөлімде олардың өмір жолы, отбасы тәрбиесі және ұлттық құндылықтарды ұрпаққа жеткізудегі орны көрініс тапты.
Келесі «Әже батасы – береке бастауы» кезеңінде әжелер қазақ халқының бай рухани мұрасы саналатын баталардың түрлерін айтып, олардың тәрбиелік мәнін түсіндірді. Қатысушылар бесікке салу батасы, жас келінге бата, жол батасы, тұсау кесер батасы және дастархан батасын беріп, көпшілікке ақ тілектерін арнады.
Үшінші кезең – «Әже өнегесі» бөлімінде әжелер ұлттық дәстүрлерді дәріптейтін сахналық көріністер қойып, халқымыздың салт-дәстүрін жаңғыртты. Көріністер арқылы үлкенді құрметтеу, отбасы берекесі, ұлттық тәрбие мен әже мектебінің маңызы кеңінен паш етті.
Сайыстың ерекше кезеңдерінің бірі – «Көкіректегі көркем есім» болды. Бұл бөлімде қатысушылар Алла Тағаланың көркем есімдерін кезек-кезек айтып, олардың мағынасына тоқталды. Бұл кезең сайыстың рухани мазмұнын арттырып, көрермендерге де үлкен әсер қалдырды.
Соңғы кезең – «Ұлттық ас» бөлімінде әжелер өз қолдарымен дайындап әкелген қазақтың ұлттық тағамдарын таныстырып, әділқазылар алқасына ұсынды.
Әділқазылар алқасы сайыс кезеңдері бойынша қорытынды шығарып, қатысушылардың өнері мен белсенділігіне жоғары баға беріп, сый-сыяпаттар мен облыстың Бас Имамы Амантай Садтевтің атынан алғыс хатпен марапатталды.
Сонымен қатар ақ жаулықты аналарға деген алғыс пен құрметтің айқын көрінісі ретінде «Шырайлым» клубының қыздары шынайы ықыласпен өз қолдарымен тіккен әсем ас үйге арналған арнайы жиынтығын тарту етті. Қатысушылар ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіріп, көпшілікке ақ батасын берді.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі


























































