#Рамазан2026: «Рамазан және дұрыс тамақтану» атты  семинар өтті 6014

#Рамазан2026: «Рамазан және дұрыс тамақтану» атты семинар өтті

02 наурыз 2026 15 Оқу 1 минут

ҚМДБ Ақтөбе облысы өкілдігінде ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы бекіткен Рамазан айының жоспарына сәйкес «Рамазан және дұрыс тамақтану» атты семинар өтті.

Іс-шараның мақсаты – қасиетті Рамазан айында ораза ұстау мәдениетін қалыптастыру, салауатты әрі дұрыс тамақтану қағидаларын насихаттау, сондай-ақ Ислам дініндегі ас ішу әдебін кеңінен түсіндіру болды.

Семинар барысында Ақтөбе қалалық орталық мешітінің ұстазы Анар Түгелбайқызы «Шәмил Мұхаммадия» дәрістері негізінде «Пайғамбарымыздың тамақтануы, әдебі» тақырыбында баяндама жасады. Насихатта Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ас ішу мәдениеті, қарапайымдылығы, қанағатшылдығы, ысыраптан тыйылуы және тағам таңдаудағы тазалық пен адалдық ұстанымдары кеңінен айтылды. Тамақтанудағы тепе-теңдік, шектен шықпау, асқа құрметпен қарау, ниеттің дұрыстығы сынды құндылықтар жамағатқа түсіндірілді.

Ал халықаралық дәрежедегі тәжірибелі нутрициолог Ажниязова Айымгүл «Рамазан және салауатты, дұрыс тамақтанудың маңызы» тақырыбында баяндама жасап, ораза кезінде ағзаны дұрыс дайындау, сәресі мен ауызашарда зиянсыз тамақтану, су ішу режимін сақтау, дәрумендер мен пайдалы қоректік заттардың тепе-теңдігін қамтамасыз ету жөнінде кеңестер берді. Артық тамақтанудың зияны, асқазан-ішек жолдарына түсетін салмақ және денсаулықты сақтай отырып құлшылықты сапалы атқару мәселелері де қозғалды.

Семинарға жиналған жамағат рухани әрі танымдық мағлұмат алып, Рамазан айында денсаулық пен құлшылықты қатар ұстанудың маңызын түсінді. Шара соңында қатысушылар тарапынан сұрақтар қойылып, мамандар і жауаптар берді.

Ақтөбе облыстық орталық

 «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі