#Рамазан2026: Облыстың Бас имамы БАҚ өкілдеріне ауызашар берді 6050

#Рамазан2026: Облыстың Бас имамы БАҚ өкілдеріне ауызашар берді

11 наурыз 2026 126 Оқу 1 минут

ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы бекіткен Рамазан айының жоспарына сәйкес Ақтөбе облысының Бас имамы Амантай Садиевтің ұйымдастыруымен ҚМДБ халал серификатын алған «Изюм» кафесінде БАҚ өкілдеріне арнап ауызашар берілді. 

«Еліміздің Тәуелсіздігін нығайтуға және руханиятымызды дамытуға арналған насихат шараларында зиялы қауым мен журналистердің сіңіріп отырған еңбектері зор. Сіздердің өнегелі істеріңіз, басты мұраттарыңыз жастарға үлгі. Оның ішінде БАҚ өкілдері дініміз бен дәстүріміздің өсіп өркендеуі жолында ақпараттық қолдау көрсетіп келесіздер. Сіздердің тараптарыңыздан болып жатқан ақпараттық қолдауға үлкен алғыс айтамын. Жылағанның мұңына ортақтасатын ең бірінші дін қызметкерлері мен журналистер және демеушілік танытатын жаны жомарт жандар.. Сондықтан, бізді біріктіретін мақсаттар көп. Бәріміздің илегеніміз бір терінің пұшпағы. Шығармашылық иелері қоғамды жақсылыққа шақырып, ізгілікке үндесе иманды қоғам құрылады. Қасиетті Рамазан айы құтты болсын. Ұстаған оразаларыңыз қабыл болсын!», – деп облыстың Бас имамы Амантай Садиев атынан алғыс білдіріп, Рамазан айымен құттықтады.

Сонымен қатар он екі айдың сұлтаны Рамазан туралы Ақтөбе қаласының Бас имамы Алмат Әли, облыстық орталық мешіттің наиб имамы Нұрбол Смағұлов уағыз айтты. Облыстық мешіттің баспасөз хатшысы, РАТТ мүшесі Ақтолқын Тажикова дін мен дәстүрі сабақтастығына тоқталып, мүфтияттың төл телеарнасы «Мұнара» телеарнасы туралы айтты.

Одан өзге БАҚ өкілдеріне Ақтөбе облысы өкілдігі атынан «Рамазан сыйы» табысталды. Ал өңірдің бастысы арнасы «Aqtobe» телеарнасының директоры Айдана Әлімқожақызына облыстың Бас имамы атынан алғыс және ҚМДБ-ның «MUFTIYAT» баспасынан шыққан «Бабалар ізімен: Қазақ даласындағы мұсылмандық мектеп» кітабын сыйлады.

Ақ дастархан басында сөз алған қадірменді қонақтар бүгінгі бейбіт күннің қадірін бағалауға шақырып, тәуелсіз еліміздің болашағы үшін жақсы тілектерін білдіріп, ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.


Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі