#Рамазан2026: «Ұлттық құндылықтар – ұлт айнасы» атты шара өтті
ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы бекіткен Рамазан айының жоспарына сәйкес Ақтөбе облысы өкілдігіндегі Ақтөбе қалалық орталық мешітінде Амал мерекесіне орай әйел-қыздар жамағатына арналған рухани тағылымды шара өтті.
Шара барысында мешіт ұстазы Анар Қойшығұлова «Ұлттық құндылықтар – ұлт айнасы» тақырыбында уағыз-насихат айтып, жамағатқа ұлттық болмыстың маңызы туралы кеңінен түсіндірді.
Уағыз барысында Алла Тағаланың адамзат баласын ұлттар мен ұлыстарға бөліп жаратқандығы қасиетті Құранда баяндалғанын атап өтті. Сонымен қатар әр халықтың діні, ділі, тілі, тарихы және салт-дәстүрі – ұлттың рухани тірегі екенін атап өтті. Осындай құндылықтарды білу, қадірлеу және оны келер ұрпаққа аманат ету – қоғамдағы әрбір адамның, әсіресе аналардың маңызды міндеті деп «Өткенін білмеген, қадірлемеген халықтың болашағы бұлыңғыр болады. Ұлттық құндылықтарды сақтау – ұлттың рухани тұтастығын сақтаудың бір жолы», – деп атап өтті.
Шара барысында жамағат бір-бірімен көрісіп, ізгі тілектер айтып, ел амандығы мен береке-бірлік үшін дұға жасады.
Одан өзге қазақтың ұлттық дәстүрлерін дәріптеу мақсатында жамағат арасында ұлттық ойындар ойнатылды. Атап айтқанда, бес тас және қол күрес ойындары ұйымдастырылып, қатысушылар ерекше белсенділік танытты.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі















































