#Рамазан2026: Әйел жамағаты «Жайна» оңалту орталығына барды 6096

#Рамазан2026: Әйел жамағаты «Жайна» оңалту орталығына барды

18 наурыз 2026 23 Оқу 1 минут

ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы бекіткен Рамазан айының жоспарына сәйкес Ақтөбе облысындаға «Әйел-қыздар» секторының ұйымдастыруымен қайырымдылық пен жанашырлықты ту еткен әйел жамағаты «Жайна» мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту орталығына арнайы барып, тәрбиеленушілерге қуаныш сыйлады. 

Игі шараның мақсаты – ерекше күтімді қажет ететін балаларға қолдау білдіріп, олардың көңіл-күйін көтеру, мейірім мен қамқорлықты сезіндіру.

Шара барысында жамағат мүшелері әр балаға өз қолдарымен тігілген 60 дана жатын төсек-жабдықтарын табыстап, қасиетті айға орай әзірленген Рамазан тәттілерін үлестірді. Бұл сыйлықтар балаларға ерекше қуаныш сыйлап, олардың жүздеріне күлкі ұялатты.

«Жайна» орталығының басшысы Нұрила Қыдырбайқызы қонақтарға орталық аумағындағы жаңадан салынып жатқан қосымша корпустар мен атқарылып жатқан жұмыстарымен таныстырып өтті.

Балалардың көңілін көтеру мақсатында келген аниматорлардың түрлі ойындарына белсенді қатысқан балалардың көңіл күйі шат шадыман болды.

«Қайырымдылық іс-шаралары қоғамда мейірімділік пен жанашырлықты арттырып, ерекше балаларға деген қамқорлықты күшейтуге сеп болады. Осы орайда, «Жайна» мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту орталығының ұжымына шынайы алғысымызды білдіреміз. Балалардың саулығы мен дамуы жолында аянбай еңбек етіп жүрген мамандардың еңбегі зор құрметке лайық. Орталықта жасалып жатқан жағдайлар мен жаңашыл бастамалар – ерекше балалардың болашағына жасалған маңызды қадам. Алдағы жұмыстарыңызға береке, толағай табыс тілейміз» деді сектор жетекшісі.

Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі