Ақтөбеде «Рухани құндылықтар – берекелі отбасының негізі» атты семинар өтті 4979

Ақтөбеде «Рухани құндылықтар – берекелі отбасының негізі» атты семинар өтті

04 қараша 2025 278 Оқу 1 минут

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен «Ислам және отбасы құндылығы» жылы аясында Ақтөбе облысы өкілдігіндегі «Әйел-қыздар» секторының ұйымдастыруымен Ақтөбе қалалық орталық мешітінде «Рухани құндылықтар – берекелі отбасының негізі» атты танымдық семинар өтті.

Семинар Алланың Кәләмімен ашылып, одан кейін азаттық пен тәуелсіздік жолында құрбан болған ата-бабаларымыздың, батырларымыз бен Алаш қайраткерлерінің рухына Құран бағышталып, дұға жасалды.

Ресми шараны Ақтөбе қаласының Бас имамы Алмат Әли ошып, отбасы институтын нығайтуға, оның қоғамдағы маңыздылығын арттыруға және рухани құндылықтарды жаңғыртуға арналған ҚМДБ Төрағасының бастамасы әйелдердің рухани, мәдени және қоғамдық белсенділігін арттырып, берекелі отбасы мен иманды ұрпақ тәрбиесіне үлкен үлес қосқанын баяндады. Жыл басынан осы бағытта облыс бойынша көптеген ауқымды шаралар өткенін атап өтті.

Облыс деңгейінде өтіп жатқан семинарға арнайы шақыртумен келген ҚМДБ «Әйел-қыздар» секторының меңгерушісі Динара Нұрғалиева уағыз-насихат айтып, иманды отбасының негізі, әйелдің қоғамдағы рөлі және рухани құндылықтарды сақтаудың маңыздылығы туралы насихат айтты.

Сонымен қатар Ақтөбе облысы бойынша сектор жетекшісі Кенжегүл Кушкарова отбасыдағы өзара сыйластық, сабыр мен мейірім секілді құндылықтардың қоғам тұрақтылығындағы маңызына тоқталды.

Одан өзге қала және аудан ұстаздары, қоғамдағы байлық пен материалдық жетістіктерге ерекше мән беріліп, рухани құндылықтар екінші орынға ығысуы туралы, әлеуметтік желінің ерлі-зайыптылар арасында және ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынасқа теріс әсерін тигізуі, ажырасудың алдын алу қоғамның тұрақтылығына ықпал ететіні туралы насихаттары семинар тақырыбын аша түсті.

Айта кетсек, семинарға Ақтөбе қаласының әйел жамағаты мен қатар, Хромтау, Алға қалаларынан, Темір, Қобда, Мұғалжар, Шалқар аудандарынан келген ақ жаулықты аналар мен қыз-келіншектер жалпы саны 200 жуық адам қатысты.

Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі