#Рамазан2026: Хромтауда «Арақсыз Рамазан» акциясы өтті
Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Хазіреттің Рамазан айындағы үндеуі негізінде қасиетті айда Хромтау ауданының Бас имамы Марал Иманғалидың ұйымдастырумен «Нұр» мешітінің ондық алқасы дүкен иелерімен кездесіп, арақ-шарап сатудан бас тартуға шақырды.
Игі шара барысында 15 дүкеннің иелеріне түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, үнпарақтар үлестірілді. Ақсақалдар кәсіпкерлерді қасиетті айда харам өнімдерден бас тартып, оның орнына халыққа пайдалы шырындар мен азық-түлік ұсынуға үндеді. Кездесу барысында 14 кәсіпкер бұл бастаманы қолдап, Рамазан айында арақ-шарап сатпайтындықтарын жеткізсе, бір дүкеннің иесі жұма күндері ғана тоқтатуға келісім берді.
Өз кезегінде дін қызметкерлері адал кәсіптің берекесі мол болатынын ескертіп, жақсылыққа бастайтын кез келген амалдың сауабы еселеніп жазылатынын атап өтті. Бұл бастама қасиетті Рамазан айында қоғамда рухани тазалықты арттыруға, сауапты істерге ынталандыруға бағытталды.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі










































