#Рамазан2026: «Рамазан — жүрек тәрбиесі» атты рухани кеш өтті
Қасиетті Рамазан айында ҚМДБ Ақтөбе облысы өкілдігінде «Ислам және адал қоғам» жылына орай Ақтөбе қалалық орталық мешітінің әйел-қыздар бөлімі және «Имани гүл» рухани даму клубы «Рамазан —жүрек тәрбиесі» атты рухани кеш ұйымдастырды.
Шараға 100 ге жуық әйел жамағаты қатысты. Кештің шымылдығы Қасиетті Құран аяттарымен ашылды. Атап айтқанда, Рамазан айына қатысты «Бақара» сүресінің 183–185-аяттары оқылып, жиналған жамағат Пайғамбарымызға (Алланың оған сәлемі мен салауаты болсын) салауат айтты.
Алғы сөзді мешіттің наиб имамы Ералы қари Құлмағамбетұлы алып, Рамазан айының қадір-қасиеті, Құранға ерекше көңіл бөлудің маңыздылығы жөнінде мазмұнды насихат айтты. « Қасиетті Құран – барлық ілімдердің төресі әрі адамзатты тура жолға бастайтын ұлы кітап екенін атап өтіп, Рамазанды жүректі тазарту, иманды күшейту, Аллаға жақындау айы» деді қари.
Шара барысында Ақтөбе қалалық орталық мешіттің ұстазы Анар Қойшығұлова «Рамазан – жүрек тәрбиесі» тақырыбына тоқталды. Ұстаз хәкім Абайдың «Имани гүл» іліміне кеңінен тоқталып, оның негізі – Алланы сүю, адамзатты сүю және әділетті сүю екендігін түсіндірді. Рамазан айы осы асыл қасиеттерді жүректе қалыптастырып, рухани кемелдікке жетелейтін ерекше мүмкіндік екені баяндалды.
Сонымен қатар аталған мешіттің ұстазы Айзат Қобланқызы Рамазан айындағы құлшылықтар, ілім алу мен ізденістің тұрақты болуы- мұсылманға пайдасы зор екендігін сөз ете келе, мешіт ұйымдастыруымен өтіп жатқан Құран хатымдарына, Рамазан айына арналған арнайы дәрістер мен рухани бағдарламаларға белсене қатысуға үндеді.
«Рамазан және құлшылық», «Орамал – басындағы асыл тәж» атты көріністер қойылып, Қымбат Ерғалиева пен Жадыра Қарасаева орындауында «Айша» әні шырқалды. Сұрақ-жауап ұйымдастырылып, белсенді қатысушыларға сыйлықтар табысталды, жүрекке жетерлік рухани жырлар оқылды. Шараның көркем сәттерінің бірі – Рамазан бейнесіндегі кейіпкердің ортаға шығып, жамағатқа шашу шашып, «Қош келдің, Рамазан» әнінің көпшілікпен бірге орындалуы болды.
Шараға Ақтөбе облысы бойынша «Әйел-қыздар» секторының жетекшісі Кенжегүл Қушқарова, «Сүлеймен ата»мешітінің ұстазы Алтынай Исаева, РАТТ мүшесі «Бақытжан» мешітінің ұстазы Ақтолқын Тажикова қасиетті айдың қадір қасиеті туралы тақырыптарды кеңірек талдады. РАТТ мүшесі, республикалық діни сарапшы Ақтолқын Орысбайқызы клуб мүшелерімен жеке-жеке танысып, сәттілікті Аллаға баяндауды толық түсіндірді. Алдағы жұмыстарына табыс тіледі.
Өкілдік ұстаздары Рамазан айының қадір-қасиетін терең ұғынуға, құлшылықтарға ықыласпен ден қоюға, білім алуға және игі істерге белсенді түрде үлес қосуға шақырды.
Тағылымы мол рухани кеш Рамазан айының мәні мен маңызын тереңірек сезінуге мүмкіндік берді.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі
























































