«Отбасыдағы әйелдің орны» атты рухани-танымдық шара өтті
Шалқар ауданында әйел жамағатына арналған «Отбасыдағы әйелдің орны» атты рухани-танымдық іс-шара ұйымдастырылды.
Шалқар көлінің жанындағы саябақта өткен бұл тағылымды кездесуге ауданның белсенді әйелдер қауымы қатысты.
Бағдарлама аясында қатысушылар алдымен таңғы сергіту жаттығуларын жасап, содан кейін ортақ дастарқан басында басқосты. Шара барысында исламтанушы-ұстаз Данияр Сүлейменнің «Ең бақытты әйел» кітабы талқыланып, туындыдағы өмірлік құндылықтар мен отбасылық қағидалар төңірегінде ой қозғалды.
Ұстаз Жұлдыз Тлеубай отбасылық бақытқа жетудің жолдарын баяндап, ерлі-зайыптылар арасындағы сыйластық пен өзара қолдаудың маңызын түсіндірді. Ал психолог Әлия Айтжанова ер мен әйел психологиясының ерекшеліктеріне тоқталып, отбасылық қарым-қатынасты нығайтудың тиімді тәсілдерімен бөлісті. Сонымен қатар ұстаз Арай Бақытқалиева әйел адамның шаңырақ берекесін сақтаудағы рөлі мен негізгі міндеттері туралы сөз қозғады.
Шара соңында қатысушылар өзара пікір алмасып, өздерін мазалаған сұрақтарға жауап алды.
Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі











































