18 Жумад ас-сәни
ҚОШ КЕЛДІҢ, РАМАЗАН! 607

ҚОШ КЕЛДІҢ, РАМАЗАН!

12 сәуір 2021 198 Оқу 1 минут

Төлеби қажы ОСПАН,

Ақтөбе облысының Бас имамы


Барша ақтөбеліктерді адам баласын бейбітшілікке үндеп, мейірім мен жақсылыққа шақыратын Рамазан айымен шын жүректен құттықтаймын!

Алла Тағала былай дейді: «Ей, иман еткендер! Сендерге бұрынғыларға парыз етілгендей ораза парыз етілді». Демек, бұл айда ораза ұстау - мұсылманның бес парызының бірі.

Биыл оразаны тағы да пандемия жағдайында қарсы алып отыр. Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы  карантин кезінде діни іс-шараларды өткізу тәртібі туралы баяндап өтті. Биыл Ақтөбе мешіттерінде қауіпті індеттің таралу қаупінің алдын алу мақсатында тарауих намазы үйде отбасымен бірге оқылады.

Ақтөбе өңірінің мешіттері мен жамағаты да рухани құндылығымыздың бірі – Рамазанды шынайы құрметпен қарсы алуда. Карантин кезінде сабырлылық танытып, игілікті бастамалардың жаршысы болуға ұмтылуда. Біз Бас мүфтидің Үндеуін қолдап, барша отандастарымызды оразада көмекке мұқтаж отбасыларға жан-жақты қолдау көрсетуге және ауызы берік отандастарымызға ауызашар тағамдар таратуға шақырамыз.

Бүгін «Нұр Ғасыр» мешітінде еліміздің тыныштығы мен халқымыздың амандығы үшін онлайн Құран хатым түсіру басталды.

Алла Тағала баршамыздың ізгі ниетімізді қабыл етіп, тұтқан оразамыз қабыл болғай! Жүздеріңіздегі – нұр, жүректеріңіздегі – иман арта берсін! Әлеуметтік жағдайы нашар жандар мен отбасыларға жәрдем беріп, осы мақсатта ұйымдастырылатын қайырымдылық акцияларына мүмкіндігінше атсалысып, жақсылықта жарысайық!

Халқымыздың ынтымақ-бірлігі берік болып, уақытша сынақтан аман-есен өтіп, тезірек қалыпты тіршілігімізге оралайық. Ораза айт мерекесін ағайынмен бірге қарсы алуды жазсын!