Облыстың Бас имамы жамағатпен рухани сұхбат құрды 5051

Облыстың Бас имамы жамағатпен рухани сұхбат құрды

05 желтоқсан 2025 114 Оқу 1 минут

Бүгін құптан намазынан кейін Шалқар аудандық «Матай Қоқанұлы» мешітінің асханасында жамағат арасында бауырмалдық пен бірлік-ынтымақты нығайту мақсатында «Бірлігі жарасқан жамағат» атты басқосу өтті. Шараға Ақтөбе облысының Бас имамы Амантай Садиев арнайы қатысып, жамағатпен рухани сұхбат құрды.

Кездесу барысында Амантай Садиев мұсылмандардың бірлігі мен бауырмалдығы жайлы сөз қозғап: «Асыл дініміз мұсылмандардың бір-біріне туыс екенін айтып, ынтымақ пен татулықта өмір сүруді міндеттейді. Алла Тағала қасиетті Құранның «Әнбия» сүресі, 92-аятында: «Осы сендердің үмметтерің – бір-ақ үммет. Мен Раббыларың. Маған ғана құлшылық етіңдер», – деп бұйырған», – деді.

Сонымен қатар Облыстың Бас имамы қоғамдағы тыныштық пен ынтымақты сақтау үшін бауырмалдықты арттыру, береке мен бірлікке кедергі келтіретін әрекеттерден аулақ болу, өзара сыйластықты сақтау және өзгелерге зиян тигізбеу керектігін айтты.

Игі шараның қорытындысында мешіт жамағатымен бірге ел амандығы мен тыныштығы үшін дұға жасады.

Айта кетейік, Ақтөбе облысының Бас имамы Амантай Садиев Шалқар ауданына жасаған іс сапар ыаясында 415 адаммен кездесті.

Ақтөбе облыстық орталық

 «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі