Облыс жамағаты Шалқарда бас қосып діни шараларға қатысты
Ақтөбе облысына қарасты қала және аудан мешіттерінің жамағаты басқосқан бірқатар тағылымды шаралар өтті.
Шалқар аудандық «Матай Қоқанұлы» мешітінің ұйымдастыруымен қала және аудан мешіттерінің жамағаты қатысқан бірқатар тағылымды шаралар өтті. Игі шараға Ақтөбе қаласының мешіттері мен Ырғыз және Әйтеке би аудандарының жамағаты арнайы қатысты.
Шара аясында Шалқар ауданына 40-қа жуық жамағат ат басын бұрды. Аудан Бас имамы Абзал Медетбеков келген қонақтарға Шалқар қаласында орналасқан мешіттерді таныстырды. Жамағат мешіттерді зиярат етіп, сәлем, духа намаздарын оқыды.
Одан кейін, Шалқар қалалық «Жанаман ахун Сейітімұлы» мешітінде «Әл-Азhар» университетінің магистранты, «Даруль Ифта» түлегі Ерлан Матайбаев жиналған жамағатқа «Дұғаның қабыл болу шарттары», «Ораза ұстаудың пайдалары» тақырыбында дәріс өтті.
Сондай-ақ, жамағаттың бірлігін нығайту, ұлттық спортты дамыту және қолдау мақсатында садақ атудан мергендер сайысы, арқан тарту және үстел теннисінен жарыстар өтті. Додаға жамағат ауызбіршілікпен қатысып, өзара бақсынасты.
Нәтижесінде садақ ату бойынша жүлделі I-орынды Көпбергенұлы Арман (Ақтөбе қалалық мешіті), II-орынды Адылханов Жалғас (Ақтөбе облыстық «Нұр Ғасыр» мешіті), III-орынды Ақмамбетов Қуандық (Ақтөбе қалалық мешіті) иеленді. Үстел теннисінен жүлделі I-орынды Раев Бақытбек (Әйтеке би ауданы), II-орынды Алниязов Жасұлан (Әс-Сәләм мешіті), III-орынды Жақсылықов Нұрбек (Ақтөбе облыстық «Нұр Ғасыр» мешіті) иеленіп, жүлделі сыйлықтармен марапатталды.
Сонымен қатар, құптан намазынан кейін Шалқар аудандық «Матай Қоқанұлы» мешітінің асханасында дастарқан жайылып, «Білімге амал ету» тақырыбында насихат айтылды. Жамағат көкейіндегі толғандырған сұрақтарын қойып, тұщымды жауаптар алды.
Шара соңында жамағаттың бір серпілуіне себеп болып, игі басқосуға ұйытқы болған имамдарға қатысушылар өз ризашылықтарын білдірді.

















































