Ақтөбе: «Шаңырағым шайқалмасын десеңіз...» атты семинар ұйымдастырылды 2920

Ақтөбе: «Шаңырағым шайқалмасын десеңіз...» атты семинар ұйымдастырылды

16 ақпан 2024 758 Оқу 1 минут

Бүгін ҚМДБ Ақтөбе облысы өкілдігі мен Ақтөбе облыстық дін істері басқармасының ұйымдастыруымен Отбасына күніне орай ҚМДБ-ның «Ислам және ізгі қоғам жылы» аясында облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінде «Шаңырағым шайқалмасын десеңіз...» атты қыз-келіншектерге арналған семинар өтіп, 40-тан астам адам қатысты.

Семинарды Ақтөбе облысының Бас имам Серікжан Еншібайұлы ашып, отбасы күнімен құттықтады.

Сонымен қатар ізгілікке бастау алған шарада облыстың Бас имамы «Дініміз Ислам – адам баласының өміріндегі барлық мәселелерді қамтыған кәміл дін. Асыл дініміздегі кез келген үкім адам баласын екі дүниелік игілік пен бақытқа жетелейді. Адамзаттың пайдасы үшін баяндалған осындай үкімдердің бірі – некелесу. Алла Тағала адам баласын бір ер, бір әйелден жұп етіп жаратты. Адам баласының ұрпағы некелесу арқылы жалғасады.

Алла Тағала Қасиетті Құранның «Рум» сүресі, 21-аятында: «Сендерге Оның (Алланың құдіретін көрсететін) айқын дәлелдерінің бірі – өз болмыстарыңнан жандарың жай тапсын деп, сендер үшін жұбайлар жаратып, араларыңа сүйіспеншілік пен мейірімділік сезімін ұялатты. Расында осыны ақылға салып, ойланатын қауым үшін айқын дәлелдер мен ғибрат бар.

Отбасы – шағын мемлекет. Отбасы – сүйіспеншіліктің, құрмет пен ынтымақтастықтың мекені. Зиялы да ізгі қоғам жақсы отбасыдан құралады. «Отан отбасыдан басталады», «Отан – қуат, отбасы – шуақ», «Отбасының сәні – сыйластық, достың сәні – қимастық», деген сөздердің астарында үлкен мән жатса керек», – дей келе некенің құндылығы, ұрпақ тәрбиесі мен отбасы берекесі туралы насихат айтты.

Одан өзге семинардағы спикерлердің бірі ретінде алғашқы болып облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы, бас инспектор Гүлжан Маханова «Әйел құқығы және отбасы» туралы тақырыпта сөз қозғап, қоғамдағы орын алған ажырасулар, зорлық-зомбылықтар, тұрмыстық тауқыметтер, әйел адамдардың құқығы мен мемлекеттік отбасы мәселесіндегі қамқорлықтары туралы айтып өтті. Ал «Отбасыны сақтау» орталығының медиаторы, «Алтын алқа» иегері Бибігүл Әбдішүкірқызы «Отбасы құндылығы. Ажырасудың алдын алу жолдары» туралы ұлттық құндылықтар мен іс- тәжірибесі арқылы жастарға келелі кеңестерін айтып, бүгінгі еліміздегі орны толмас өкініш шаңырақтардың шайқалуы, отбасының ойрандалуы, жарымжан балалардың тағдыры туралы, ажырасудың алдын алу, зардаптары туралы әсерлі ой орамдарымен бөлісті.

Екі спикерден кейін кезек мешіт ұстаздары тақырып төңірегінде жан-жақты мәселелерді қозғады. Атап айтсақ, «Бақытжан» мешітінің ұстазы Анар Қойшығұлова «Әйел қашан бақытты?» деген тақырыпта «Төрт құбыласы түгел әйел бақытты» деген ойды ортаға салып, төрт құбыла: Жаратушымен байланыс, тұлғалық даму, отбасы берекесі, қоғамға пайдаңды тигізу арқылы толық бақытты сезіну, әйелдің жаратылысы, өмірінің мәні мен миссиясы туралы баяндады.

Ал Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің ұстазы Айнұр Мырзабаева «Ұлт тәрбиесі – қыз тәрбиесі» деген мәселеде ұрпақ тәрбиесінің түп төркіні өмірлік жар таңдаудан басталатындығына жіті тоқталды. «Анасына қарап қызын ал», «Тек, тектілік, тәрбие» ұғымдарының мәнін ашып, құрсақ, қыз тәрбиесі жөнінде діл мен дін, салт дәстүрді тілге тиек етті.

Республикалық «Мұнара» телеарнасының тілшісі, облыстық дін істері басқармасының маманы Ақтолқын Тажикова «Өзіңді жоғалтып алма...» атты тақырып аясында бүгінгі таңда орын алған әлеуметтік желілердегі «бақытты өмір формуласы», өзгенің әдемі өміріне еліктеушілік, білімсіздіктің зардабы, мақсатсыздық пен ішкі әлемдегі үндестіктіктің жоқтығы туралы статистикалық сарапталарды баяндаса, облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің ұстазы Ақмарал Ерболатова семинарға қатысушыларға «Суреттер сөйлейді» айдары бойынша бала тәрбиесінде ескерілуі керек жайттар туралы пікір алмасу тренингін жүргізді.

Шара қортындысында қоғамдағы өзекті мәселелер көтерілген семинар қатысушылардың көңілінен шығып, ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.

Айта кетсек, облыстың Бас имамы мен спикер облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы, бас инспектор семинардың маңыздылығы туралы БАҚ өкілдеріне сұхбат берді.


Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз хатшысы