Мәртөк: Облыстың Бас имамы Мәуліт кешіне қатысты 3763

Мәртөк: Облыстың Бас имамы Мәуліт кешіне қатысты

30 қыркүйек 2024 185 Оқу 1 минут

Мөртөк ауданы, Сарыжар ауылдық мешітінің ұйымдастыруымен қасиетті Мәуліт айының құрметіне орай рухани шара өтіп, оған облыстың Бас имамы Амантай Садиев қатысты.

Ғибратқа толы басқосуда облыстың Бас имамы жамағатты Мәуліт мерекесімен құттықтап, «Пайғамбар өнегесі – адамзаттың асыл мұрасы» тақырыбында насихат айтса, Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің ұстазы Талғат Аманов Мәуліт мерекесінің үкімін түсіндірсе, «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінің Ақтөбе қаласындағы дайындық курсының директоры Дастан Ұзақбаев адамзаттың абзалы пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) кешірімшіл екендігі аясында «Кешірімшіл болу – асыл қасиет» туралы кеңірек баяндап, тақырып аясын толық ашып өтті.

«Мәуліт айының ең басты артықшылығы да сол, ол айда Ардақты Алла Елшісінің (с.ғ.с.) өмір өнегелері ел мешіттерінде, ақпарат құралдарында, түрлі рухани мінберлерде кеңінен насихатталып, адамдардың Құранмен мінезделуіне көбірек орай туындайды. Шындығында да, Екі дүние сардары Мұхаммедтің (с.ғ.с.) мінезі Құран құндылықтарының өлешеміне сай болған.

«Шын мәнінде сен әлбетте ұлы мінезге иесің» («Қалам» сүресі, 4-аят). Міне, бұл Құранның Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ішкі мәдениетіне берген бағасы.

Пайғамбар Мұхаммед (с.ғ.с.) балалармен, қоғамдық ортамен, басқа дін өкілдерімен де көркем қатынастарда болғаны мәлім»,-деді Амантай Әбілдаұлы.

Ал Ақтөбе қаласындағы «Досжан хазірет» мешітінің бас имамы Шынболат Үмбетовтың мәуліт оқып, Құран бағыштауымен кеш қортындыланды.

Одан өзге ауыл ақсақалдары мен жамағат ұйымдасырушылар мен қонақтарға алғысын білдірді.


Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі