#Рамазан2026: «Рамазан сыйы»: 530 отбасыға 12 тонна азық-түлік және қаржылай көмек берілді
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ұйымдастыруымен ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай 35 мың отбасына көмек көрсету мақсатында «Рамазан сыйы» қайырымдылық марафоны басталды.
Аталған игі бастама аясында қасиетті Рамазан айының алғашқы он күндігінде Ақтөбе облысы бойынша 530 отбасыға 12 тонна азық-түлік және қаржылай көмек берілді.
Ақтөбе қаласындағы «Бақытжан» мешітінде өткен қайырымдылық шарасына Ақтөбе облысының Бас имамы Амантай Садиев арнайы қатысып, игі іске қолдау білдірді.
«Біз «қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» деген аталы сөзді өмірлік ұстанымға айналдырған халықпыз. ҚМДБ күнделікті жұмысында қайырымдылыққа басымдық береді. Біз қашан да өз мүмкіндіктеріміз аясында азаматтарымызға көмек беруге дайынбыз. Алла баршамызға жар болсын!» деді облыстың Бас имамы.
Бұл қайырымдылық шарасы қоғамдағы әлеуметтік жағдайы төмен, көпбалалы және мұқтаж отбасыларға қолдау білдіруді мақсат етеді.
Айта кетейік, қайырымдылық марафоны қасиетті Рамазан айының соңына дейін жалғасып, жалпы саны республика бойынша 35 мың отбасыға азық-түлік себеттерін жеткізу көзделген. Ал бүгінгі сауапты шараға өңірдегі мешіт имамдары, «Зекет және қайырымдылық» қорының облыс бойынша жауапты маманы Алмат Әли еріктілер, дін жанашырлары мен демеуші азаматтар бір мезетте атсалысты.
Көмек алған отбасылар Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы мен имамдарға алғысын білдірді.
Қасиетті Құранның 200 жерінде Алла жолында садақа беру, мал сарп ету жайында баяндалады. Яғни Алла берген нығметті Алла жолында жұмсау сауапты амал екені айтылады. Осы сауабы мол іске қолдау көрсеткен демеушілер мен барша жанға Алла Тағала сансыз сауаптан жазсын!
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі












































































