Ақтөбе: Әлеуметтік желі белсенділеріне арналған семинар өтті 90

Ақтөбе: Әлеуметтік желі белсенділеріне арналған семинар өтті

14 қыркүйек 2020 253 Оқу 1 минут

ҚМДБ-ның басты бағыттарының бірі – үгіт-насихат арқылы ел тұрғындарын дұрыс діни ақпаратпен қамтамасыз ету. Жуырда Бас мүфти еліміздегі карантин жағдайының жалғасуына байланысты имамдарға әлеуметтік желіде белсенді болу керектігін ескерткен еді.

Осыған орай, кеше ҚМДБ-ның Ақтөбе облысы бойынша өкілдігінде өңірдегі әлеуметтік желіде белсенді қызметкерлерге арналған оқыту-семинары өтті. Ақтөбенің Бас имамы Төлеби Оспан бүгінгі таңда ғаламторда белсенділікті арттырудың қаншалықты қажет екенін атап, діни басқарма материалдарын бөлісудің тиімді тәсілдерін таныстырды.

Елуден астам дін қызметкерінің басы қосылған алқалы жиынға ҚМДБ-ның «Ақпарат және қоғаммен байланыс» бөлімінің меңгерушісі Бектазинов Марат онлайн түрде эфирге қосылып, әлеуметтік желідегі діни насихаттың мән-мақсатын түсіндірді. Марат Дәлелханұлы өз сөзінде: «Құрметті ақтөбелік әріптес имамдар! Қазіргі карантин жағдайына байланысты әлеуметтік желілер біз үшін – онлайн-мінберіміз болып отыр. Халқымызды діни ақпараттандыру үшін аталмыш насихат кеңістігін пайдалана білуіміз қажет. Алла қаласа бұл кезеңдер де өтеді. Алайда үйде отырған халық рухани сусындап қалмас үшін оларға үздіксіз үгіт-насихаттарымызды жеткізуге сіз бен біздің жігер-ықыласымыз керек», - деп дін қызметкерлерін ғаламтор алаңында жауапкершілікпен жұмыс жасауға шақырды.

Оқыту-семинарында ҚМДБ-ның бөлім меңгерушілері және РАНТ мүшелерінің ҚМДБ-ның YouTube каналдары (Хикмет студиясы, Муфтият ҚМДБ) мен Instagram (@hikmet.tv және @muftiyatkz) парақшаларында тікелей эфирде жүргізіп жатқан онлайн дәрістерді облыс мешіттерінің Facebook, Instagram әлеуметтік желілерінде бөлісіп, жергілікті жамағатқа жеткізіп отыру керектігі баса айтылды. Өйткені, карантин кезінде діни сұрақ мазалаған адамдар бәрібір сұрақтың жауабын іздейді. Осылайша теріс ақпарат көздеріне тап болуы мүмкін. Сондықтан сенімді діни мәлімет тарататын муфтияттың онлайн дәрістерін ел ішінде насихаттау маңызды.

Семинарда әлеуметтік желіні пайдалану ережелерінен бастап, әдебі мен әлеуетін қоса түсіндірген облыстың Бас имамы Төлеби Дәділұлы қала, аудан және ауыл имамдарының әлеуметтік желі парақшаларына шолу жасап, жұмысты жетілдіру жолдары пысықталды.

Сондай-ақ, ҚМДБ-ның «@muftyatkz» Instagram парақшасы мен «HIKMET TV» және «МУФТИЯТ ҚМДБ» Youtube каналында жұма күні сағат 13:00-де «Жұма насихаты» тақырыбында Бас Мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы хазреттің, дүйсенбі күні сағат 12:00-де найб мүфти Е.Оңғаровтың «Пайғамбарлар тарихы», сейсенбі күні сағат 12:00-де «Діни білім және кадр дайындау» бөлімінің меңгерушісі С.Сейтбековтың «Ислам тарихы», сәрсенбі күні 12:00-де «Шариғат және пәтуа» бөлімі меңгерушісі орынбасары Х.Аманқұловтың «Фиқһ дәрістері», бейсенбі күні сағат 12:00-де «Уағыз-насихат» бөлімінің меңгерушісі Б.Мансұровтың «Хадис тағылымы», жұма күні сағат 12:00-де «Шариғат және пәтуа» бөлімі меңгерушісі С.Шоқановтың «Құрандағы қиссалар», сенбі күні сағат 12:00-де «Шариғат және пәтуа» бөлімі маманы М.Құрсақовтың «Сұрақ-жауап» және жексенбі күні сағат 12:00-де «Шариғат және пәтуа» бөлімі маманы Б.Абдуалиевтің «Отбасы ғылымхалы» атты тақырыптарда уағыз-дәрістерінің өтіп жатқанын қуанышпен хабарлаймыз.

Бұдан өзге Ақтөбе өкілдігіне қарасты имам-ұстаздар «Нұр Ғасыр» мешітінің «nur_gasyr» Instagram парақшасында аптасына 6 рет дүйсенбі және сенбі күндері аралығында онлайн дәріс жүргізуде. Орыс тілді уағыз тыңдаушылар үшін «Hikmet.tv» Youtube каналында аптасына бес күн дүйсенбі-жұма аралығында орыс тілді ұстаздардың насихат-дәрістерін тыңдауға шақырамыз.

 

Ақтөбе облыстық орталық

«Нұр Ғасыр» мешітінің

Баспасөз қызметі