Облыстың Бас имамы  журналистермен кездесті 3762

Облыстың Бас имамы журналистермен кездесті

30 қыркүйек 2024 159 Оқу 1 минут

Ақтөбе облысының Бас имамы Амантай Садиев облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің конференция залында өңірдегі бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен кездесті.

Басқосуда өңірдің діни бағыттағы атқарылып жатқан жұмыстар мен алға қойылған жоспарлы міндеттері талқыланды.

Облыстың Бас имамы келелі жиында журналистер қауымының халық пен биліктің арасындағы алтын көпір болып отырғандығына тоқтала келіп, алдағы уақытта да олардың еліміздің жарқын болашағы үшін адал қызмет ете беретіндігіне үлкен сенім білдірді.

Амантай Әбділдаұлы: «Қоғамды жақсылыққа шақырып, ізгілікке үндесе иманды қоғам құрылады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Ислам діні насихат арқылы тарайды» деген болатын. Ал бұқаралық ақпарат құралдары – керемет насихат құралдары десем, артық айтқандық болмас. Сондықтан, біздер, діни қызметкерлер, бұқаралық ақпарат құралдарының көмегімен халыққа діни насихат таратамыз. Яғни, біздер сіздермен, журналистермен бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара қоян-қолтық бірлесіп жұмыс істеуге ынталымыз»,-деп өзінің жаңа қызметінде де өңірдегі БАҚ өкілдерімен тығыз байланыста жұмыс істеп, асыл дініміздің өсіп-өркендеуіне, рухани құндылықтарымызды насихаттау жолында бірлесе қызмет атқаруға шақырды.

Сонымен қатар кездесу барысында тілшілердің қойған сұрақтарына жауап беріп, білімі мен еңбек өтілі туралы да баяндап өтті.

Одан өзге журналистерге Амантай Садиев имамдардың әлеуметтік жағдайын толық түсіндіріп, алдағы жоспарларымен бөлісті.

«Мешіт салушының үш тағаны болуы керек. Ол тек мешіт салудан тұрмайды. Мешіт, мешіттің асханасы және имамның үйі болу керек»,-деді.

Жоспарларының негізгі бөлігінде руханияттың қарашаңырағы – Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінде Ақтөбе өңірінде бұрын соңды болмаған заманауи кітапхана салу жоспарда тұрғандығын мәлімдеді.

Келелі кездесуге «Ақтөбе», «Актюбинский вестник» газеті және «Aqtobe», «Рика», «Мұнара» арналарының тілшілері және ҚМБД Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Қуандық Қабден қатысты.

Жиын қортындысында ҚМБД Ақсақалдар кеңесінің мүшесі ҚМДБ-ның мерзімді басылымдары «Мұнара» газеті мен «Иман» журналы туралы сұхбат берді.

Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі