«Мұнара» телеарнасының «Жұмадағы жүздесу» бағдарламасында ақын Гүлімай Әбішқызы қонақта болды
ҚМДБ төл арнасы, елімізде тәулігіне 24 сағат үздіксіз хабар тарататын жалғыз рухани-ағартушылық «Мұнара» телеарнасында («Otau TV» желісінің 26-арнасы) әр жұма сайын эфирге шығатын журналист Ақтолқын Тажикованың авторлық «Жұмадағы жүздесу» бағдарламасының кезекті 101-ші шығарылымына белгілі ақын, аудармашы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Гүлімай Әбішқызы қатысты. Тағылымды сұхбат барысында қаламгердің шығармашылық жолы, рухани құндылықтары және қазіргі әдебиет пен қоғамдағы өзекті мәселелер кеңінен талқыланды.
Сұхбат аясында ақын жұма күнінің қасиеті мен рухани тақырыптардың өз шығармашылығындағы орнына тоқталып, «Ай қызы – арман», «Дат, тақсыр тағдыр» атты жыр жинақтарының жазылу тарихы мен ақын тағдыры туралы сыр шертті. Бұдан бөлек, бүгінгі қазақ әйелінің қоғамдағы және отбасындағы рөлі, оның рухани болмысы мен ұлттық тәрбиедегі маңызы жөнінде салмақты ойларымен бөлісті.
Бағдарламада Тахауи Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театрында сахналанған «Мөңке би» қойылымы да арнайы сөз болды. Автор Мөңке бидің терең философиясы мен бабамыздың заман ағымына қатысты болжамдарының бүгінгі 21-ғасыр қоғамымен үндестігін атап өтіп, қойылымның көрерменге берер рухани азығы туралы айтып берді.
Сонымен қатар сұхбат барысында цифрлық технологиялар мен әлеуметтік желілер дамыған заманда жас өркеннің жүрегіне жол табатын балалар әдебиетінің сырлары, өзге тілдегі туындыларды қазақ оқырманына жеткізудегі көркем аударманың жауапкершілігі және қаламгердің қиын сәттерде рухани тірек болған құндылықтары мен өмірлік ұстанымдары кеңінен қозғалды.
Тағылымды әрі мазмұнды 101-ші сұхбаттың толық нұсқасын «Мұнара» телеарнасының эфирінен 20 қараша күні сағат 06:25, 11:30, 19:05, 22:30-да «Otau TV», 26-арна және ресми телеарнаның YouTube https://www.youtube.com/@MUNARA_TV арнасы мен https://www.muftyat.kz/kk/ сайтынан тікелей эфирде көре аласыздар.
ҚМДБ Ақтөбе облыстық өкілдігінің баспасөз қызметі




































