«Мұнара» телеарнасындағы «Жұмадағы жүздесу» бағдарламасының 100-ші саны түсірілді 6780

«Мұнара» телеарнасындағы «Жұмадағы жүздесу» бағдарламасының 100-ші саны түсірілді

06 қараша 2026 21 Оқу 1 минут

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ағартушылық және рухани бағытта тәулік бойы хабар тарататын «Мұнара ТВ» мүфтият арнасының танымал жобаларының бірі  — Ақтолқын Тажикованың «Жұмадағы жүздесу» авторлық бағдарламасының 100-ші саны түсірілді.

Елдегі карантин кезеңінде алғаш рет көрерменге жол тартып, қиын сәтте халыққа рухани демеу болған бұл жобаның кезекті шығарылымы қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі —  «Жан тыныштығы: депрессия мен үмітсіздіктен шығу жолы қайсы?» деген тақырыпқа арналды.

Ауқымды тақырыпты дін мен ғылым тұрғысынан тереңнен талқылау мақсатында студия қонағы ретінде Ақтөбе қалалық орталық мешітінің наиб имамы Ерәлі қари Құлмағанбетұлы мен белгілі психолог Арайлым Амангелдіқызы шақырылды.

Түсірілім барысында спикерлер қазіргі қоғамда жиі кездесетін рухани күйзеліс, жабырқаулық пен үмітсіздіктің алдын алу жолдарын қарастырды. Ақтөбе қалалық орталық мешітінің наиб имамы Ерәлі қари Құлмағанбетұлы адам жанының тыныштығы тікелей иманмен, құлшылықпен және Жаратушыға деген шынайы тәуекелмен байланысты екенін атап өтіп, қасиетті Құран аяттары мен хадистерден мысалдар келтірді. Ал психолог Арайлым Амангелдіқызы депрессиядан арылудың ғылыми әрі практикалық әдістеріне тоқталып, ішкі мазасыздықты жеңудегі психологиялық кеңестерімен бөлісті.

Бағдарлама барысында көрермендерге рухани тоқыраудан шығудың және жан дүниесін үйлесімділікте ұстаудың кешенді жолдары ұсынылды.

Айтулы жобаның жүзінші шығарылымы«Otau TV»-ғы 26-шы арна арқылы алдағы жұма күні яғни 13 қараша күні сағат 06:25, 11:30, 19:05 және 22:30-да «Мұнара ТВ» телеарнасының эфирінен көрерменге жол тартады.

ҚМДБ Ақтөбе облыстық өкілдігінің баспасөз қызметі