«Сәті түскен сұхбат» бағдарламасына ХV республикалық Құран жарысы арқау болды
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ағартушылық және рухани бағытта тәулік бойы хабар тарататын «Мұнара ТВ» мүфтият арнасының эфирінен «Сәті түскен сұхбат» бағдарламасының кезекті шығарылымы жарық көрді. Экрандық жобаның бұл саны ҚМДБ-ның айтулы шарасының бірі, Ақтөбе қаласында жоғары деңгейде ұйымдастырылған Құран Кәрімді жатқа және мәнерлеп оқудан өткен ХV республикалық байқауға арналды.
Рухани шараның маңыздылығын талқылау мақсатында студия төріне аталған доданың әділқазы алқасының мүшесі Бекжан қари Әлденов пен Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы шақырылды.
Сұхбат барысында бағдарлама қонақтары Ақтөбе төрінде өткен дүбірлі байқаудың ұйымдастырылу барысы, қатысушы қарилардың талпынысы мен дайындық деңгейін кеңінен талқылады. Спикерлер республикалық деңгейдегі бұл сайыстың өскелең ұрпақты имандылыққа тәрбиелеудегі, қасиетті кітапты қастерлеудегі және еліміздегі қарилар мектебінің әлеуетін арттырудағы рөліне ерекше тоқталды. Сонымен қатар қазылар алқасының үміткерлерге қоятын басты талаптары мен бағалау критерийлері де назардан тыс қалмады.
Ақтөбедегі айтулы Құран додасының шырайын ашқан мазмұнды сұхбаттың толық нұсқасын «Otau TV» спутниктік операторындағы 26-шы арна арқылы «Мұнара ТВ» телеарнасының эфирінен алдағы бейсенбі күні яғни 12 қараша күні және ресми телеарнаның YouTube арнасынан тікелей эфирде көруге болады.
ҚМДБ Ақтөбе облыстық өкілдігінің баспасөз қызметі






































