«Мұнара» телеарнасында жастардың IT және жасанды интеллектті меңгеру мәселесі талқыланды
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төл арнасы, еліміздегі жиырма төрт сағат үздіксіз жұмыс істейтін рухани-ағартушылық «Мұнара ТВ» телеарнасындағы «Сәті түскен сұхбат» бағдарламасының кезекті шығарылымы түсірілді. Бағдарламаны журналист, РАТТ мүшесі Ақтолқын Тажикова жүргізді.
Сұхбат қонағы — Ақтөбе қаласындағы жастарға IT және жасанды интеллект бағытында тегін білім беретін заманауи білім беру орталығының жетекшісі, жас маман Елнұр Жалғасов.
Эфир барысында цифрлық технологиялар дәуіріндегі жастардың бағыт-бағдары, IT саласына бейімделуі, сондай-ақ гаджеттерге кететін бос уақытты пайдалы кәсіп пен білімге бұру жолдары кеңінен талқыланды. Сонымен қатар спикер тегін білім беру жобаларында жастардың ынтасын сақтау, өз бетімен ізденуге баулу және болашақта сұранысқа ие болатын машықтарды дамыту жөнінде өз тәжірибесімен бөлісіп, ата-аналар мен жастарға пайдалы кеңестерін берді.
ҚМДБ Ақтөбе облыстық өкілдігінің баспасөз қызметі



































