«Нұр Ғасыр» мешітінің шәкірттері тәжуид пәнінен бақылау сынағын тапсырды
Ақтөбе облыстық орталық ««Нұр Ғасыр» мешітінде әйелдерге арналған діни сауат ашу курсының шәкірттері тәжуид пәнінен бақылау сынағын тапсырды. Шараны «Әйел-қыздар» секторының жетекшісі Кенжегүл Қошқарова Құран Кәрімді дұрыс әрі көркем оқу қағидаларын меңгеру деңгейін анықтау мақсатында ұйымдастырды.
Екі кезеңнен тұрған білім сынағының бірінші бөлімінде шәкірттер тест тапсырмалары арқылы теориялық білімдерін, әріптердің дұрыс айтылуы мен оқу ережелерін меңгеру деңгейін көрсетті. Ал екінші кезеңде Құран аяттары ұсынылып, ондағы тәжуид ережелерін анықтау, ажырату және түсіндіру тапсырылды. Бұл кезең қатысушылардың алған білімдерін іс жүзінде қолдану дағдыларын бағалауға мүмкіндік берді.
«Қасиетті Құранда: «Құранды анықтап, байыппен оқы» («Мүззәммил» сүресі, 4-аят) делінсе, ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сендердің ең жақсыларың – Құранды үйреніп, оны өзгелерге үйреткендерің», – деп өсиет еткен. Мұндай бақылау сынақтары шәкірттердің білімін бекітіп, Құран Кәрімді тәжуид талаптарына сай дұрыс оқуға деген жауапкершілігін арттырады», - деді сектор жетекшісі.
ҚМДБ Ақтөбе облыстық өкілдігінің баспасөз қызметі








































