Ақтөбеде тұңғыш рет қыз-келіншектер клубы ашылды
ҚМДБ Ақтөбе облысы өкілдігінде тұңғыш рет «Әйел-қыздар» секторының бастамасымен «Ислам және отбасы құндылығы» жылына орай облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешіті жанынан «Шырайлым» қыз-келіншектер клубы ашылды.
Ашылу салтанатының кұрметті қонағы ҚМДБ «Әйел-қыздар» секторының меңгерушісі Динара Нұрғалиева қыз-келіншектерге уағыз-насихат айтып, әйел адамның қоғам мен отбасындағы рөлі, сұлулық пен имандылықтың мәні туралы тоқталды.
Ал Ақтөбе облысының сектор жетекшісі Кенжегүл Кушкарова клубтың негізгі бағыты – имандылықты, ізеттілікті, отбасылық құндылықтарды дәріптеу және жан-жақты дамуына қолдау көрсету екенін атап өтті.
«Шырайлым» клубының жетекшісі Ақжарқын Базарбай, клубтың мақсат-міндеттерін таныстырып, алдағы уақытта өтетін, тәрбиелік және мәдени бағыттағы кездесулер қыз-келіншектердің рухани дамуына септігін тигізетінін жеткізді.
Клубтың ашылуы ақ тілек, жылы лебіз және шынайы қуанышқа толы шара болды. Қыз-келіншектер жаңа клубтың қоғамдағы рухани тәрбиені күшейтуде маңызды рөл атқаратынына сенім білдірді.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі









































