«Мейірін төккен Рамазан» атты рухани кеш ұйымдастырылды
Қасиетті Рамазан айының екінші он күндігінде «Бақытжан» мешітінің ұйымдастыруымен әйел жамағатына «Мейірін төккен Рамазан» атты рухани кеш өтіп, оған 100 адам қатысты.
Ақ дастархан жайылып, ауызашар дұғасы жасалды. Бірлігі жарасқан мешіттің шәкірттері ерекше дайындық жасағанын шара барысынан әр нөмерінен байқауға болады.
Сонымен қатар жастар жағы ән де айтып, ой саларлық көрініс те көрсетсе, мешіт жанындағы «Әжелер мектебінің» мүшелері салауаттың түрлерін айтты.
Ал рухани кеште мешіт ұстазы, РАТТ мүшесі Анар Қойшығұлова «Рамазанның он күндіктері. Қадір түнінің қадір-қасиеті» туралы уағыз айтты.
Игі шараның құрметті қонағы РАТТ мүшесі, республикалық «Мұнара» арнасының тілшісі, Ақтөбе облысы бойынша «Мұнара» арнасының филиал жетекшісі, «Бақытжан» мешітінің ұстазы Ақтолқын Тажикова «Рамазан айындағы кемелдік шыңы» тақырыбын жіті талдап, арнайы әдіс-тәсілдер ұсынды. «Досжан хазірет» мешітінің ұстазы Жилисбаева Ақжарқын ұлық айды ұлықтауды баяндап өтті.
Кеш соңында мешіт шәкірттері ұстазы Анар Қойшығұловаға Рамазан сыйы ретінде ҰМРА сапарына жолдама табыстады.
Рухани кеш көптің көңілінен шығып, мешіт жамағаты тарауық намазын оқып, әдемі әсерлермен тарасты.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі