«Әйел-қыздар» секторының меңгерушісі Ақтөбе облысына барды (ФОТО) 4985

«Әйел-қыздар» секторының меңгерушісі Ақтөбе облысына барды (ФОТО)

02 қараша 2025 50 Оқу 1 минут

ҚМДБ «Әйел-қыздар» секторының меңгерушісі Динара Нұрғалиева жылдық жоспар бойынша «Ислам және отбасы құндылығы» жылына орай Ақтөбе облысына екі күндік іс сапармен барып, 7 іс шараға қатысып, «Әжелер» мектебі, шәкірттер, қыз-келіншектер, әртүрлі санаттағы балалар, ілім жолындағы шәкірттермен кездесіп, 3 бағдарламаға сұхбат берді. 

Сапардың бірінші күнінде сектор меңгерушісі ҚМДБ-ның 35 жылдығына орай «Ислам және отбасы құндылығы» жылы аясында «Дін мен дәстүр» бағыты бойынша Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бекіткен жылдық жоспарына сәйкес облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітіне тұңғыш рет ашылған «Салт-дәстүр» және «Шырайлым» қыз-келіншектер клубының ашылуына қатысты.

Ұлттың асыл қазынасы дәстүр мен имандылықты ұштастырып, өскелең ұрпаққа рухани тәрбие беру мақсатында құрылған «Салт-дәстүр» орталығының лентасын қиып, сектор меңгерушісі мен облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы Нұрбол Смағұлов ашты.

Шара мерекелік дастархан басында жалғасын тапты. Наиб имам Нұрбол Смағұлов Құран бағыштап, елдің амандығы мен жамағаттың бірлігіне арнап дұға тіледі. Сонымен қатар игі шара барысында қазақтың «Бесікке салу» дәстүрі орын тауып, әжелер әлди айтып, ұлттың мейірім мен ізгілікке толы тәрбиесін көрсетті. Ал жас шәкірттер күй шертті.

Сәбидің өмір жолындағы алғашқы қадамын бейнелейтін тұсаукесер дәстүрі де назардан тыс қалмады. «Қазақ дәстүрі – имандылықпен ұштасқанда ғана ұлт мәңгі жасайды» деп сәбидің тұсауын сектор меңгерушісі Динара Нұрғалиева кесіп, балаға ақ жол, ашық тағдыр тіледі.

Жамағат құрметті қонақты жылы ықыласпен қарсы алып, Ақтөбе өңірінің қонақжай халқы атынан ізгі тілегін жеткізіп, әжелер ақ батасын берді.

Ал «Шырайлым» қыз-келіншектер клубының ашылу салтанатында Динара Нұрғалиева қыз-келіншектерге уағыз-насихат айтып, әйел адамның қоғам мен отбасындағы рөлі, сұлулық пен имандылықтың мәні туралы тоқталды.

«Шырайлым» клубының жетекшісі Ақжарқын Базарбай, клубтың мақсат-міндеттерін таныстырып, алдағы уақытта өтетін, тәрбиелік және мәдени бағыттағы кездесулер қыз-келіншектердің рухани дамуына септігін тигізетінін жеткізді.

Сонымен қатар іс сапардың екінші күнінде Ақтөбе ұстаздары алғаш рет ұйымдастырған Сабан тойға қатысты.

«Алғаш рет сабан тойға қатысып отырмын. Ерекше ұнады. Тағылымы мол Сабан тойда Ақтөбе жамағатының жарасқан бірлігі мен бауырмалдық лебі сезіледі. Көрмеден шебер жандар екендеріңізді байқадым. Ынтымақтарыңыз арта берсін!» деп сектор меңгерушісі құттықтады.

Шара Алланың Кәләмімен басталып, «Әжелер мектебі» батасын беріп, Пайғамбарға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салауат арнаумен жалғасты.

Ақтөбе облысы бойынша «Әйел-қыздар» секторының жетекшісі Кенжегүл Кушкарова шараның маңыздылығына тоқталды.

Сабан тойда Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешіті, қалалық орталық мешіті, «Бақытжан», «Сүлеймен ата», «Досжан Хазірет», «Әзіреті Біләл» мешітінің шәкірттері мен Хромтау ауданық «Нұр» мешіті, Шалқар ауданы «Матай Қоқанұлы» мешіті, Мұғалжар аудандық «Нұртай» мешіті, Темір аудандық «Досжан иман» мешіті, Қобда аудандық «Шәріп молда» мешітінің әйел жамағаты болды.

Шара барысында дәстүрлі ән айтылып, күй шертілді, «Сабан той» туралы ақындардың өлеңі оқылды. Сонымен қатар ұлттық ойындар ұйымдастырылды. Одан өзге әр мешіт шәкірттері көрменің таныстырылымын жасады. Ауыл-аймақтан, қала мешіттерінен келген жамағат көрмеге деп әкелген барша тартулары яғни ұлттық тағамдар мен күз кереметтерін таныстырып өтті. Оның ішінде әрине сүт, ет, ұн өнімдері, жеміс-жидек пен көкөністерден жасалған түрлі компазициялар мен экибанолар көрініс тапқан. Жамағат әрі олардың ұсынылу әсемділігіне де көңіл бөліп, ерекше талғаммен жасалғанына куә болды.

Ақтөбе өкілдігіндегі ұстаздар уақыттың қадірі, білімнің маңыздылығы татулық пен бауырмалдық, дін мен дәстүр сабақтастығы, егемендік туралы насихат айтты.

Шара қорытындысында Ақтөбе облысының Бас имамы Амантай Садиевтің атынан әр мешітке және Сабантойға арналған көрмеге белсенді қатысушыларға марапат табысталды.

Қала қонақтары мен жамағат ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, сабан тойдың тойдың жоғары деңгейде ұйымдастырылғаны туралы пікір білдірді.

Сектор меңгерушісі «Ақтөбе» медресе-колледжінің шәкірттерімен кездесті.

Кездесуде болашақ дін қызметкерлеріне насихат айтып, шәкірттерді терең білім алуға шақырды. Жас буынға рухани тәрбие мен білімнің сабақтастығын түсіндіріп, сондай-ақ қыз баланың қоғам мен отбасындағы рөлін ислам тұрғысынан жіті түсіндірді.

Динара Құтқожақызы жастарға адал білім алудың маңыздылығын айтып, «Біліммен иманды ұштастырған жас – ертеңгі елдің тірегі» екенін ерекше атап өтті. Шәкірттерге өмірлік мақсат қою, ата-анаға құрмет, имандылық пен ізгілікке ұмтылу туралы өнегелі кеңестер берді.

Одан өзге Ақтөбе қалалық орталық мешітінде «Рухани құндылықтар – берекелі отбасының негізі» атты танымдық семинарда спикер болып, әйел жамағатымен жүздесті.

Облыс деңгейінде өтіп жатқан семинарға арнайы шақыртумен келген ҚМДБ «Әйел-қыздар» секторының меңгерушісі Динара Нұрғалиева иманды отбасының негізі, әйелдің қоғамдағы рөлі және рухани құндылықтарды сақтаудың маңыздылығы туралы насихат айтты.

Семинарға Ақтөбе қаласының әйел жамағаты мен қатар, Хромтау, Алға қалаларынан, Темір, Қобда, Мұғалжар, Шалқар аудандарынан келген ақ жаулықты аналар мен қыз-келіншектер жалпы саны 200 жуық адам қатысты.

Семинар қорытындысында РАТТ мүшесі, «Бақытжан» мешітінің ұстазы, журналист Ақтолқын Тажикованы «Еңбек даңқы» төсбелгісімен марапаттады.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Еңбек адамының абырой-беделін арттыру үшін нақты жұмыс жүргізіледі» деп жыл басында айтқан еді. Пайғамбарымыз (оған Алланын салауаты мен сәлемі болсын) хадисiнде: «Адамдардың ең қайырлысы – өзге адамдарға көбiрек пайда тигiзгені», – деп айтқан. Осы тұрғыда жаста болса өз саласының көшбасшысы болған ұстаз Ақтолқын Тажикованың бүгінгі марапаты осының жемісі деп білемін. Екі саланы әрдайым қатар алып жүру бұлда ерекше нығмет. Ақтөбе өңірі үшін бақ» деп құттықтады.

Ақтөбе облысына сапары аясында «Жайсаң арнайы білім беру ұйымы» КММ-не барып, түрлі әлеуметтік санаттағы балалармен жүздесті. Балалардың деніне саулық, мекеме қызметкерлеріне қажымас қайрат тіледі. Мекемеге арнайы әйел жамағы атынан кір машинасын табыстады.

Сапар қортындысында өңірдегі ұстаздарға жиналыс өтті. Сектор меңгерушісі жиналыс барысында жыл соңына дейін атқарылуы керек шаралар Қоғамдағы ұстаз әдебі туралы тоқталды.

Екі күндік сапарда «Мұнара» телеарнасындағы «Жұмадағы жүздесу», «Білу керек» подкасты, «Сәті түскен» бағдарламаларына сұхбат берді.

Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі