Марал Иманғали: Рамазан — рухани жаңғыру айы 4279

Марал Иманғали: Рамазан — рухани жаңғыру айы

06 наурыз 2025 238 Оқу 1 минут

Рамазан — он екі айдың сұлтаны, сауап пен мейірімге толы берекелі ай. Бұл ай – күнәлар кешіріліп, жүректер жұмсаратын, сабыр мен шүкірлікке үйрететін ерекше мейірімділік маусымы. 

Рамазан — тек ораза ұстау емес, пенденің өз-өзімен, жүрегімен, амалдарымен бетпе-бет келетін, рухани тазару кезеңі. Бұл айда әрбір мұсылман тек ішіп-жеуден тыйылып қана қоймай, ойына, сөзіне, әрекетіне мұқият болып, өз жан-дүниесін есепке алады.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) Рамазан айының ерекшелігі туралы:

«Адам баласының барлық амалы өзі үшін, ал ораза – Мен үшін. Оның сауабын Өзім беремін», – деген (Бұхари, Муслим). Бұл хадис оразаның Алла алдында қаншалықты жоғары бағаланатынын айқын көрсетеді. Өйткені, ораза – көзге көрінбейтін, тек пенде мен Раббысы арасындағы жасырын ғибадат. Тек Алла разылығы үшін ашқарақтықтан, нәпсі қалауынан бас тарту – жүректің тазалығын, иманның беріктігін дәлелдейді.

Рамазан — сабыр айы. Сабыр – жәннаттың кілті екенін ескерсек, бұл ай бізге әр сынаққа төзуді, әр қиындықтың артында бір жақсылық бар екенін үйретеді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Рамазан айының алғашқы он күні —рақым, ортасы — кешірім, ал соңғы он күні — тозақтан құтылу», – деп сүйіншілеген (Ибн Хузайма).

Бұл мүбәрак айдың әр күні, әр түні — мүмін үшін мүмкіндік. Себебі, бұл айда тозақ есіктері жабылып, жұмақ есіктері айқара ашылады. Әрбір жасалған ізгі амалдың сауабы еселеніп жазылады.

Рамазан — Құран түскен қасиетті ай. Құранмен дос болу, оның аяттарын жүрекпен оқу, мағынасына терең бойлау – мұсылманның осы айдағы басты мақсаттарының бірі. Құран арқылы жүрек тынышталып, иман нығаяды. Бұл айда берілген әрбір садақа, айтылған әрбір жылы сөз, істелген әрбір жақсылық – таразының ауыр жағына қосылар аманат.

Рамазан — кешірім айы. Бұл айда жасаған әрбір дұға мен тілек Алланың ерекше назарында болады. Өйткені, ораза тұтқан пенденің аузы дуалы, жүрегі таза, тілегі қабыл. Сол үшін әрбір күнді, әрбір сәтті бос өткізбей, дұғаға, ізгілікке, кешірім сұрауға арнау — мүміннің міндеті.

Осылайша, Рамазан — тек ішіп-жеуден ғана емес, бүкіл өмір салтымыздан тазалық пен тәртіп талап ететін, жүрекке иман сәулесін құятын қасиетті ай. Бұл айда әр пенде өзінің Жаратушысына жақындай түсуге, күнәларын жуып-шаюға, болмысын жаңартуға үлкен мүмкіндік алады. Рамазанның шарапатын сезінген пенде оны қимай шығарып салып, келесі Рамазанға аман жетуді тілейді.

Алла баршамызды осы Рамазандағы әрбір сауаптан құр қалдырмасын!

Марал Иманғали

Мәртөк ауданының бас имамы