Рамазан сыйы: Ақтөбе облысында 950 отбасыға қуаныш сыйлады (ФОТО)
Бүгін ҚМДБ-ның 35 жылдық мерейтойы қарсаңында, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы хазіреттің бастамасымен «Рамазан сыйы» қайырымдылық марафоны басталды.
ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қорының ұйымдастырған игі шараға Ақтөбе облысы өкілдігі де белсенді атсалысып, 950 отбасыға қуаныш сыйлады. Мүмкіндігі шектеулі, көп балалы, жалғыз басты ана, аз қамтылған т.б санаттағы отбасыларға 19 тоннаға жуық азық-түлік себеттері таратылды. Сауабы мол шараға Ақтөбе өкілдігіне қарасты қала және аудан, ауыл мешіттері тонның ішкі бауындай үлес қосты.
Діни басқарманың 35 жылдығына және Рамазан айының құрметіне орай ұйымдастырылған қайырымдылық марафонында еліміз бойынша 3500 отбасыға қажетті азық-түлік себеттері үлестірілді.
Айта кетейік, бір мезетте 35 000 отбасыға қайырымдылық шарасына еліміз бойынша мешіт имамдары, «Зекет және қайырымдылық» қорының қызметкерлері мен еріктілері, дін жанашырлары, демеуші азаматтар қатысты.
Ақтөбе облысының Бас имамы Амантай Садиев 950 отбасыны қасиетті Рамазан айымен құттықтады. Әртүрлі санаттағы отбасыларға сынаққа сынбай, сабыр етсеңіздер, Жаратқанның пендесіне берер сыйы мол екендігі туралы насихат айтты. Қасиетті айда ізгі шарада демеушілік танытқан дін жанашырларының кәсібіне береке тіледі. Сонымен қатар қара шаңырақ мүфтиттың «Мұнара» телеарнасы мен өңірдегі БАҚ өкілдеріне «Рамазан сыйы» марафоны туралы сұхбат берді.
Ал көмек алған отбасылар Бас мүфтиге, ұйымдастырушыларға, мешіт қызметкерлеріне алғысын білдірді.
Қайырымдылық айында бастау алған бұл жоба жыл бойы жалғасын табады. Жоспар бойынша 35 000 отбасыны қамту көзделген.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі