#Рамазан2026: 150 балаға қуаныш сыйлады
ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы бекіткен Рамазан айының жоспарына сәйкес Ақтөбе облысы өкілдігіне қарасты Хромтау аудандық «Нұр» мешітінде бүлдіршіндерге арналған «Қош келдің, Рамазан!» атты рухани ойын-сауық кеші өтті.
Тағылымға толы шара Құран аятын оқумен басталып, Рамазан айының қадір-қасиетін дәріптейтін өлеңдермен жалғасты. Содан соң балалар ортаға хормен кештің басты кейіпкерлері — Рамазан мен Құранды, Ораза мен Берекені, сондай-ақ Мейірімді шақырып, оларға өз өнерлерін көрсетті.
Сонымен қатар аниматорлар бүлдіршіндермен бірге ойнап, олардың көңілдерін көтерсе, «Жақсылық жаса» атты ойын барысында балалар бір-біріне жылы сөздер арнап, құшақтасып, мейірім мен достықтың маңызын сезінді. Бұл сәттер кештің ең әсерлі әрі тәрбиелік мәні зор бөліктерінің бірі болды. Бүлдіршіндер ұлттық ойынға да кезек беріп, топ-топқа бөлініп, арқан тарту ойынын да ойнап жатты.
Шара соңында Хромтау ауданының Бас имамы Марал Иманғали бүлдіршіндерге Рамазан айының қадір-қасиеті, оразаның мәні мен сауапты істердің маңызы туралы түсінікті тілмен әңгімелеп берді. Ол балаларды үлкенді құрметтеп, кішіге қамқор болуға, жақсылық жасап, ізгі қасиеттерді бойларына сіңіруге шақырды.
Берекелі кеш соңында 150 балаға «Рамазан тәттісі» үлестіріліп, Құранға түскендерге сертификат табысталды.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі















































