Нұрлыбек Шакизадаұлы: Рамазан — рақым айы 4278

Нұрлыбек Шакизадаұлы: Рамазан — рақым айы

06 наурыз 2025 220 Оқу 1 минут

Барша мұсылман баласы асыға күтіп, он бір айы бойы жасаған қате- кемшіліктерінің кешірілуін үміт етіп, Аллаға жақындауға тырысатын қасиетті Рамазан айы, мүмін үшін үлкен мүмкіндік. 

Рамазан — жаратылыс атауы жаңа тыныс алып, адамзат баласы рухани жаңғыратын уақыт. Мейірім мен рахым нұры төгілетін, берекенің еселеніп Жаратушының шексіз нығметі артатын сәт.

Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) ораза туралы өз хадистерінің бірінде: «Кім Рамазан оразасын иман және сауап үмітімен ұстаса, оның өткен күнәлары кешіріледі», – дейді. Сондықтан Рамазан айы күнәлар кешірілетін ай деп айтсақ қателеспейміз. Ал күнәлардың кешірілуіне себеп болатын Рамазан айында жасалатын басты құлшылық ол — ораза.

«Ораза» сөзінің тілдік мағынасы «бір іс немесе сөзден тыйылу» деген ұғымды білдірсе, шариғи мағынасы құлшылық ниетімен таң атқаннан күн батқанға дейін ішіп-жеуден, жыныстық қатынастан және күнә  атаулыдан тыйылу. Оразаның парыз болуы жайында қасиетті Құран Кәрімде: «Ей, иман келтіргендер! Сендерден бұрынғыларға парыз етілгендей тақуалыққа жетулерің үшін ораза ұстау сендерге де парыз етілді» делінсе, тағы бір аятта: «Сендердің араларыңда кімде-кім Рамазан айының туғанын көрсе, сол күні ораза ұстасын. Сырқат немесе жолаушыларға ораза айында ұстай аламаған күндерін басқа күндері ұстасын,»- (Бақара сүресі, 183-185 аяттар) деп барша мұсылманға міндеттеген. Пенде Рамазан айында берілетін сансыз нығметтерге ие болу үшін бұл уақытта Алла Тағала бұйырғандай барынша ізгілікке қарай ұмтылып, өзін күнә атаулыдан сақтауға амал етуі тиіс.Сонда ғана Раббымыз уәде еткен сый-сияпатты лайықты түрде ала аламыз. Бұл жайлы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы өз жырларында:

Оразаң отыз күнгі отыз кісің,

Бес кісің бес намазың, білемісің.

Жоқ қылып жамандықты жойылтуға,

Бұларсыз дәнемеге келмес күшің-деп баяндайды.

Рамазан — рақым есіктерінің айқара ашылып, пендені шынайы қуанышқа бөлейтін сәт. Ондағы әр күн мен түннің берекетке толы екендігі және сауаптың толассыз жауатындығы жайлы Алла елшісі (с.ғ.с): «Рамазан айының алғашқы түні болғанда шайтандар мен жаман жындар кісенделеді. Тозақтың қақпалары жабылады да, біреуі де ашылмайды. Жұмақтың қақпалары айқара ашылады да, біреуі де жабылмайды. Бір жаршы: «Ей, жақсылық қалаушы, баста! Ей, жамандық қалаушы, таста! Алланың тозақтан азат ететін құлдары бар!» – деп жар салады. Әрбір түні осылай айтылады» деген. (Тирмизи). Одан өзге Алланың Елшісі ﷺ былай дейді: «Адам баласының әрбір іс-амалы оннан жеті жүз есеге дейін көбейтіледі. Алла былай дейді: «Тек оразаның жөні бөлек. Оның сауабын Өзім беремін. Өйткені ол Мен үшін қызықтардан, ішіп-жемнен бас тартқан». Ораза тұтушының екі қуанышы бар: біріншісі оразасын ашқанда, ал екіншісі Раббысымен жолыққанда. Сөзсіз, ораза тұтушының аузынан шыққан иіс Алланың құзырында хош иісті мисктен артық» (Муслим хадис жинағы).

Қадірлі айдағы рақымшылықтың көрінісі ретінде жасаған әрбір тамшыдай амалымыздың өзі елеусіз, ескерусіз қалмай таудай сипатқа ие болатындығын көреміз. Бұл туралы сүйікті пайғамбарымыз, адамзаттың асылы Мұхаммед (с.ғ.с): «Бұл айда кім бір жақсылық істесе, басқа уақыттарда бір парызды орындағандай сауап алады, ал бір парызды орындаған адам басқа айларда жетпіс парызды орындаған кісідей сауа­п алады», – деген.

Алланың бұйырған парызын орындау арқылы адам баласы екі дүиелік табысқа жетіп, рухани кемелденудің ләззатын сезбек. Бізге жүктелген Жаратушының міндеттерінің артында игілік пен шексіз бақыт жатыр. Дәл осыны Қабан жырау бабамыз:

Бақыт қайда барасың?

Сәресі, сахар ішетін,

Хақ жолына түсетін,

Сәресі ішуге барамын.


Бақыт қайдан келесің?

Ораза, намаз оқымас,

Алланың атын тоқымас,

Бейнамаздан келемін-деп насихат қылса керек.


Қорыта айтқанда;

а) Рамазан айында тозақтың есігі жабылып, жәннаттың қақпалары ашылады;

ә) Бұл айда ораза ұстау – пенденің өткен күнәларының кешірілуіне себепші болады;

б) Алла Тағала оразашының барлық ізгі ниеті мен тілегін қайтармайды.

в) Ораза ұстаушы Құдайшыл болады. Яғни Алла тағаланы таниды;

г) Өзін қиыншылықтарға төзуге және шыдамды болуға үйретеді;

д) Аш-жалаңаш жүрген бейшараның көрген күнін бірге тартады;

е) Шайтанның азғыруынан сақтанады;

Рамазан — ізгі амалдардың маусымы. Бұл айда орындалатын ораза парызын аса жауапкершілікпен, тақуалықпен тұтпағымыз ләзім. Сонда ғана мойнымыздағы міндетімізді адал атқарып, Алланың разылығына жеткен боламыз.

Ендеше, келіп жеткен қасиетті ай баршамызға құтты да берекелі болып, ұстаған оразаларымыз қабыл болсын!

 

Нұрлыбек Шакизадаұлы

РАНТ мүшесі, Ақтөбе қалалық орталық мешітінің Бас имамы