ҚОНАҚ КҮТУ МЕН ҚОНАҚҚА БАРУ
Қонақжайлылық – қазақ халқының ғасырлар бойы сақталып келе жатқан асыл дәстүрі. «Қонақ келсе – құт келеді» деп сенген қазақ әр мейманды береке мен бақыттың нышаны санаған. Дастарқан жаю тек ас ұсыну емес, кеңпейілділік пен рухани байлықтың белгісі болған. Қонақты төрге шығарып, барын ұсыну арқылы үй иесі өз құрметі мен ұлттық болмысын танытқан. Бұл дәстүр ислам тағылымымен де үндесіп, қазақ мінезінің айнасына айналған.
Ибраһим пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) қонақсыз дастарқан басына отыра алмайтын кісі болған екен. Кісі келмесе өзі іздеп болса да қонақ күткенді жақсы көреді екен. Алла Тағала қасиетті Құранда Ибраһим пайғамбардың қонақ жайлылығы туралы былайша баяндайды:
هَلْ أَتَاكَ حَدِيثُ ضَيْفِ إِبْرَاهِيمَ الْمُكْرَمِينَ إِذْ دَخَلُوا عَلَيْهِ فَقَالُوا سَلَامًا قَالَ سَلَامٌ قَوْمٌ مُنْكَرُونَ فَرَاغَ إِلَى أَهْلِهِ فَجَاءَ بِعِجْلٍ سَمِينٍ
«(Уа, Мұхаммед!) Саған Ибраһимнің құрметті қонақтары жайлы (ғибратты) әңгіме жеткен бе еді?! Есіңде болса, олар бір күні Ибраһимге келіп: «Саған есендік тілейміз!» – деп сәлем берген еді. Ибраһим де өз кезегінде оларға: «Сендерге де есендік тілеймін!» – деп жылы шырай танытып, ішінен: «Бұлар (бұрын-соңды ұшыраспаған) бейтаныс қауым болды ғой», – деді. Сөйтті де бірден үй ішіндегілерге барып (құдайы қонақтарға арнап), семіз тананың етін пісіріп әкелді», – деген («Зарият» сүресі, 24-26-аяттар).
Ибраһим пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) келген қонағының кім екендігін, неге келгендігін, ас ішерін не ішпесін сұраған жоқ. Жалғыз малын құрбан етті, барын қонақтарының алдына қойды.
Міне, халқымыздың қонақжайлылығы да жай ғана салт емес, шариғатпен сабақтас рухани амал. Біздің халқымыз да үйіне қонақ келсе, барын қойып, ерекше құрмет көрсеткен. Қазақ дәстүрінде қонақ пен үй иесінің арасындағы сыйластық ерекше мәнге ие.
Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:
مَن كانَ يُؤْمِنُ باللَّهِ واليَومِ الآخِرِ فَلَا يُؤْذِ جَارَهُ، وَ مَن كَانَ يُؤْمِنُ باللَّهِ واليَومِ الآخِرِ فَلْيُكْرِمْ ضَيْفَهُ، ومَن كانَ يُؤْمِنُ باللَّهِ واليَومِ الآخِرِ فَلْيَقُلْ خَيْرًا أوْ لِيَصْمُت
«Кімде-кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірсе, көршісіне зиян келтірмесін. Кімде-кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірсе, қонағын құрметтесін. Кімде-кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірсе, жақсы сөз айтсын немесе үндемесін», – деген (имам Бұхари).
Қонақжайлық – тек ішіп-жеп кету емес, хал сұрасып, қуаныш пен қайғыны бөлісіп, рухани байланысты нығайту. Ол исламдағы туыстық қатынасты сақтау ұстанымымен үндес. Дастарқан үстінде үлкендер бата беріп, жастар тәлім алып, ел жаңалығы айтылған. Қонақ күту арқылы үлкенді сыйлау, кішіге ізет, сабыр мен адамгершілік қалыптасқан. Сондықтан қонақжайлық – халқымыздың рухани бірлігінің, кеңпейілділік пен мейірімділіктің көрінісі.
Үмбетей жырау:
Кісі көрсең есікке,
Жүгіре шық, кешікпе,
Қарсы алмасаң мейманды
Кесір болар нәсіпке! – деп жырлаған екен.
Бірінші: қонақ күту әдебі
Қонақ күту әдебі – қазақ халқының рухани болмысын танытатын асыл дәстүр. Қазақ үшін қонақ – береке мен ырыстың себепшісі. Қонақжайлық тек ас ұсыну емес, жүрек кеңдігі мен ниет тазалығын, адамға деген құрметті білдіреді. Үй иесінің жылы қабағы мен ықыласы сыйластықты арттырады. Халқымызда барын ұсыну – жомарттыққа бағаланған. Ал берекені – ниетте, құрметті – ықыласта деп түсінген.
Сондықтан қонаққа көрсетілген ізет – сауапты амал, ал қонақтың разылығы – Алланың разылығына себеп болатын игі іс. Себебі Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінің бірінде:
لَا خَيْرَ فِيمَنْ لَا يُضِيفُ
«Қонақ күтпеген адамнан – қайыр жоқ», – деген (имам Ахмад).
Дегенмен, қонақ күтудің де өзіндік әдебі бар. Қысқаша тоқталар болсақ:
Бірінші: қонақты құрметпен қарсы алу
Үйге кірген сәттен жылы жүз, сәлем, ілтипат көрсету – әдептің бастауы.
Әбу Қатада (Алла оған разы болсын) мына бір оқиғаны жеткізеді:
قَدِمَ وَفْدُ النَّجَاشِيِّ عَلَى النَّبِيِّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ، فَقَامَ يَخْدِمُهُمْ، فَقَالَ أَصْحَابُهُ: نَحْنُ نَكْفِيكَ يَا رَسُولَ اللَّهِ، فَقَالَ: إِنَّهُمْ كَانُوا لِأَصْحَابِي مُكْرِمِينَ، فَإِنِّي أُحِبُّ أَنْ أُكَافِئَهُمْ.
Нәжаши жіберген елші Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келгенде, Ол (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оларды өзі күтіп, қызмет көрсетті. Сахабалар: «Уа, Алланың Елшісі, біз-ақ қызмет етейік», – дегенде, Ол (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Жоқ, олар сахабаларыма құрмет көрсеткен еді, мен сол құрметті қайтарғым келеді», – деді.
Қонақты құрметтеудің кемелдігі – кірерде де, шығарда да жылы жүз танытып, көркем сөз сөйлеу. Әузағиден (Алла оны рақмына алсын): «Қонақты құрметтеу деген не?» – деп сұрағанда, Ол: «Жылы жүз бен жағымды сөз», – деп жауап берген.
Ал Язид ибн Әбу Зияд: «Мен Абдуррахман ибн Әби Ләйләнің үйіне кірген сайын, ол бізге жылы әңгіме айтып, дәмді ас ұсынатын», – деген.
Халық арасында қонақжайлық жөніндегі өсиет өлең шумақтарының бірінде:
Сырттан келген мейманға,
Сәлем беріп, қол алсаң – Бірінші еткен құрметің.
«Түсіңіз», – деп түс беріп,
Шылбырына оралсаң – Екінші еткен қызметің.
Есік ашып енгізіп, көрпе төсеп құп алсаң – Үшінші еткен құрметің.
Мейман риза болмағы – Құрметпен үйге қонғаны.
Кешіктірмей шай берсең,
Ұмыт болар тоңғаны.
Тысқа шықса қария,
Қолыңда болсын құмғаны.
Ірікпесең барыңды – Қонақжайлық сол-дағы, – деген.
Екінші: дастарқан жайып, ас ұсыну
Барымен бөлісу, қолда барды ренжітпей ұсыну – жомарттықтың белгісі. Келген қонағын төрге жайғастырып, асты дер кезінде ұсыну – қонаққа көрсетілген құрмет пен ізеттіліктің нышаны. Қонақтар көп болып, олардың бір-екеуі уәделі уақыттан кешіксе, келгендердің ақысы – асты кешіктірмеу, яғни барларға дер кезінде тарту. Құранда Ибраһим пайғамбардың (оған Алланың сәлемі болсын) қадірлі қонақтарына тез арада ас әкелгені мейманды құрметтеудің көркем үлгісі болды.
Қисса
Бір күні Пайғамбарымыз (оған Алланың алауаты мен сәлемі болсын) сахабаларымен отырғанда бір кісі келіп: «Уа, Алланың Елшісі! Аштықтан тұруға шамам жоқ, қауқарым қалмады», – дейді. Алла Елшісі оны тойдыру үшін әйелдеріне хабар жібереді. Бірақ олар, «Үйде судан басқа нәрсе жок», – деп жауап береді. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дәл сол күні қонақ күтетіндей тамағы болмайды, бірақ қалай болған жағдайда да әлгі қонақты күтіп, міндетті түрде қарнын тойдыруы керек еді. Сонда Алла Елшісі «Мына кісіні кім қонақ етеді?» – деп сұрайды. Сол кезде дереу бір ансарлық сахаба орнынан қарғып тұрып: «Уа, Алланың Елшісі! Мен бармын!» – деп жауап береді. Ол Сабит ибн Қайс (Алла оған разы болсын) еді. Сосын әлгі адамды үйіне алып кетеді. Әйеліне Алла Елшісінің қонағын күт дейді. Әйелі «Бала-шағамызға беретін астан басқа еш нәрсе жоқ», – дейді. Әйелінің бұл уайымға толы жауабынан соң, Сабит ибн Қаис: «Асыңды дайында, шамды өшір де балаларды ұйықтат», – дейді. Отағасының айтқанын бұлжытпай орындаған әйелі, шамды түзелткендей болып өшіреді. Осылайша үй иесі, тамақ жеп отырған кейіп танытады. Қонаққа мұны сездірмейді. Сол түні өздері нәр татпай аш жатады. Қарны аш болса да Алла Елшісінің қонағын күту бақытына ие болып, көңілі тоқ болады.
Сөйтіп, үйдің иесі Сабит ибн Қайс таң атқанда Пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) алдына барады. Оны көрген Алла Елшісі сол түні қонағына көрсеткен құрметіне орай Алланың оған разы болғанын сүйіншілейді. Осы жомарт сахаба мен жұбайына қатысты «Хашр» сүресінің 9-шы аяты түседі. Аятта:
وَيُؤْثِرُونَ عَلَى أَنْفُسِهِمْ وَلَوْ كَانَ بِهِمْ خَصَاصَةٌ وَمَنْ يُوقَ شُحَّ نَفْسِهِ فَأُولَئِكَ هُمُ الْمُفْلِحُونَ
«Тіпті өздері мұқтаж бола тұра оларды өздерінен артық көреді. Кімде-кім нәпсісінің сараңдығы мен ашкөздігінен сақтана алса, мақсат-мұратына жеткен бақытты жандар, міне, солар», – делінген.
Үшінші: қонақты шығарып салу
Қонақ күтудің соңғы, бірақ ең маңызды әдептерінің бірі – келген қонақты шығарып салу. Исламда қонақты есікке дейін шығарып салу – сүннет. Бұл амал қонаққа көрсетілген құрметтің толықтығын білдіреді. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:
إنَّ منَ السُّنَّةِ، أن يَخرُجَ الرَّجلُ معَ ضَيفِهِ إِلَى بَابِ الدَّارِ
«Расында қонақпен бірге ауланың есігіне дейін шығу – сүннет амал», – деген (имам Бәйһақи).
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қонақты жылы жүзбен қарсы алып, оны ризашылықпен шығарып салған. Қазақ дәстүрінде де «қонақты аттандыру» айрықша мәнге ие: үй иесі ақ жол тілеп, батасын беріп, разы көңілмен қоштасқан. Қонақтың көңілі тоқ, жүрегі жай тауып қайтуы – үй иесінің көркем мінезі мен жомарттығының белгісі.
Екінші: қонаққа бару әдебі
Қонаққа бару – тек әлеуметтік қатынас емес, сонымен бірге әдептілік пен мәдениетті көрсететін маңызды рәсім. Қонақжайлылық қазақ халқының қанына сіңген асыл қасиет болса, сол қонақжайлылықтың екінші тарапы – қонаққа бару әдебі. Үй иесінің ықыласына ризашылық білдіріп, шаңырақтың берекесін арттыру қонақтың іс-әрекетіне тікелей байланысты. «Қонақ қойдан жуас» деген сөздің төркінінде мейманның өзін ұстай білуі, үй иесіне салмақ салмауы жатыр. Қонаққа бару – бұл жай ғана дәм тату емес, бұл екі жақтың арасындағы рухани байланыс.
Ендеше қонаққа барудың бірнеше әдебіне тоқталсақ:
Бірінші: шақырған жерге бару
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) шақырған жерге жауап беруді бұйырған. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:
إِذَا دَعَا أَحَدُكُمْ أَخَاهُ فَلْيُجِبْهُ
«Егер сендердің біріңді бауыры шақырса, оған жауап берсін (шақыруын қабыл алсын)», – деген (имам Мүслим). Тағы бір хадисте:
ومَن تَرَكَ الدَّعْوَةَ فقَدْ عَصَى اللَّهَ ورَسولَه
«Кім шақыруды қабыл етпесе, Аллаға және Оның Елшісіне қарсы шыққан болады», – деген (имам Бұхари). Яғни, қандай да бір қонаққа шақырса, оған жауап беру керек. Алайда қонаққа шақырған адамның шақыруына жауап берудің бес әдебі бар. Олар:
- Бай-дәулетті кісінің шақыруын қабыл алып, кедейдің шақыруын елемеу. Яғни, бай-дәулетті адамның шақыруына барып, кедей кісіге бармау, бұл – сүннетке қайшы амал. Алла Елшісі (оған Алланың салауты мен сәлемі болсын) құлдың да, кедейдің де шақыруын қабыл ететін. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
مَن أَكرَمَ مُسلِمًا، فَإِنَّمَا يُكرِمُ اللهَ تعالَى
«Кім мұсылманды құрметтесе, Алланы құрметтеген болады», – деген.
Бірде Хасан ибн Әли (Алла оған разы болсын) жол үстінде жұрттан садақа сұрап отырған міскіндер тобына жолығады. Олар құмды жерге нанның үгінділерін жайып, сонымен талғажау етіп отыр екен. Хасан (Алла оған разы болсын) қашырымен өтіп бара жатып, оларға ізетпен сәлем береді. Сонда әлгі кісілер:
– Уа, Алла Елшісінің қызының ұлы! Бізбен бірге түстеніп кет! – деп шақырады.
Хасан (Алла оған разы болсын):
- Иә, Алла тәкаппарларды жақсы көрмейді, – деп, қашырынан түсіп, солардың қасына барып, қара жерге жайғасып, олармен бірге ас ішеді. Содан кейін қоштасып, жолына жиналып:
- Мен сендердің шақыруларыңды қабыл еттім, енді сендер де менің шақыруымды қабыл етіңдер, – дейді.
Олар келісімін білдірген соң, белгілі бір уақытқа уағдаласады. Уәде етілген күні әлгі кісілер Хасанның (Алла оған разы болсын) үйіне келеді. Хасан оларды ең таңдаулы тағамдармен қарсы алып, өзі де қастарында отырып, бірге ас ішеді.
- Шақыруды қабыл етпеу үшін қашықтықты сылтау ету. Яғни, адам баласы шамасы жететін шақыруды қабыл етпеуге себеп іздемеуі тиіс. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:
لَوْ دُعِيتُ إِلَى كُرَاعٍ لَأَجَبْتُ، وَلَوأُهْدِيَ إلَيَّ كُرَاعٌ لَقَبِلْتُ
«Егер мені қойдың тұяғына шақырса да, міндетті түрде барар едім. Ал егер маған қойдың тұяғы сыйға тартылса да, оны қабыл етер едім», – деген (имам Бұхари).
- Нәпіл оразада болғанын сылтау етіп, шақырудан бас тарту. Егер нәпіл оразаны ашуы бауырының көңілін қуантып, жүрегіне шаттық сыйлайтыны анық болса, онда ауыз ашқан жөн. (Бір күн қазасын кейін өтеп береді). Мұндай жағдайда оның ниеті бауырының жүрегіне қуаныш сыйлау болады. Бұл ниетпен ауыз ашудың сауабы нәпіл оразаның сауабынан да артық. Бұл үкім әсіресе, нәпіл оразаға қатысты. Себебі:
أَفضَلُ الأَعمَالِ أَن تُدخِلَ عَلى أَخِيكَ المُؤمِنِ سُرُورًا ، أو تَقضِى عَنهُ دَيْنًا ، أو تُطعِمَهُ خُبزًا
«Ең абзал амалдардың бірі – мүмін бауырыңның жүрегіне қуаныш сыйлау немесе оның қарызын өтеу не болмаса оған бір үзім нан болса да тамақ беру», – деген.
- Егер ұсынылатын ас күмәнді болса немесе қонақ күтетін орын Алла рұқсат етпеген жер екені анық болса, ол жерге бармау. Яғни, ол жерде күнәлі істер жасалатыны белгілі болса, онда мұндай шақыруды қабыл етпеген дұрыс.
- Шақыруды қабыл етудегі мақсат тек қарын тойдыру, нәпсінің қалауын қанағаттандыру болмауы тиіс. Керісінше, ол жерді ақыреттік сауапқа айналдыруы тиіс.
Екінші: қонақ болып барғандағы әдеп
Қонақ болып бару – қазақы дәстүрде де, ислам тағылымында да үлкен әдеп пен жауапкершілікті талап ететін іс. Қазақ «Қонақ аз отырып, көп сынайды» десе, дініміз қонақтың мінезі арқылы оның иманы мен көркем мінезі көрінетінін ескертеді. Сондықтан қонаққа барған адам өз ісімен үй иесіне ауыртпалық салмай, керісінше, береке мен тыныштық алып келуге тырысуы керек.
- Қонақ ең алдымен уақытты қадірлеу. Тым ерте барып үй иесін әбігерге салу да, кешігіп келіп жұртты күттіру де әдепке жат. Ал дастарқан басында артық сөзден, өсек пен даудан сақтануы тиіс. Исламда «жақсы сөз айту немесе үндемеу» қағидасы бар. Қазақ дәстүрінде де дастарқан басы ақыл мен өнегенің, жылы сөздің орны болған. Сондықтан қонақтың сөзбен де, мінезбен де үй иесіне салмақ салмауы тиіс. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:
مَنْ كَانَ يُؤْمِنُ بِاللَّهِ وَالْيَوْمِ الآخِرِ فَلْيُكْرِمْ ضَيْفَهُ جَائِزَتُهُ يَوْمٌ وَلَيْلَةٌ وَالضِّيَافَةُ ثَلاَثَةُ أَيَّامٍ فَمَا بَعْدَ ذَلِكَ فَهْوَ صَدَقَةٌ وَلاَ يَحِلُّ لَهُ أَنْ يَثْوِيَ عِنْدَهُ حَتَّى يُحْرِجَهُ
«Кімде-кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірген болса, қонағын құрметтесін. Қонаққа көрсетілетін сый-құрмет – бір күн мен бір түн. Ал қонақ күту – үш күн. Одан кейінгісі – садақа. Қонақтың үй иесін қысылтатын, ыңғайсыз жағдайға қалдыратындай ұзақ қалуы дұрыс болмайды», – деген (имам Бұхари).
- Қонақ болып барғанда әуелі үй иесінен рұқсат сұрау және кіргенде сәлем беру. Алла Тағала қасиетті Құранда:
يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا لَا تَدْخُلُوا بُيُوتًا غَيْرَ بُيُوتِكُمْ حَتَّى تَسْتَأْنِسُوا وَتُسَلِّمُوا عَلَى أَهْلِهَا ذَلِكُمْ خَيْرٌ لَكُمْ لَعَلَّكُمْ تَذَكَّرُونَ
«Уа, иман келтіргендер! Өз үйлеріңнен басқа үйлердің босағасынан үй иелерінен рұқсат сұрамайынша һәм сәлем бермейінше аттамаңдар. Солай істегендерің өздерің үшін қайырлы әрі лайықты болмақ. Ендеше, ойланып хикметін түсінерсіңдер», – деген («Нұр» сүресі, 27-аят).
Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде:
لا تَأْذَنُوا لِمَنْ لمْ يَبْدَأْ بِالسَّلامِ
«Сәлеммен бастамаған адам үшін, рұқсат бермеңдер», – деген (имам Термизи). Яғни, үйге кіргенде немесе қонаққа барғанда сәлем беру – қазақы дәстүр һәм ислам әдебі. Исламда бөтен үйге немесе шақырылған жерге сәлем бермей, рұқсат сұрамай кіруге тыйым салынған. Бұл іс – үй иесіне деген құрмет пен әдептің өлшемі.
Қисса
Бір түні Омар ибн әл-Хаттаб сахаба Абдулла ибн Масғудпен (Алла екеуіне разы болсын) бірге келе жатып, бір үйден дабыра, у-шу естиді. Олар үйдің қабырғасынан асып, ішке кіреді. Ішке кірсе, бір қарт кісі отыр, алдында ішімдік, қасында бір әйел ән салып отыр екен.
Сонда Омар (Алла оған разы болсын):
- Сен секілді жасы үлкен адамға мұндай хәл жараспайды, – дейді.
Сол кезде әлгі кісі орнынан тұрып:
- Уа, мүміндердің әміршісі! Алланың атымен ант етемін, әділдік танытып, сөз айтуыма мүмкіндік бер, – дейді.
Омар (Алла оған разы болсын):
- Айт, – дейді.
Сонда әлгі кісі:
- Мен бұл жерде Аллаға бір күнә жасап қойсам, сен үш қателік жасадың, – дейді.
Омар (Алла оған разы болсын) таңырқап:
- Ол қандай қателіктер? – деп сұрайды.
Ол былай деп жауап береді:
Біріншісі: сен аңдыдың. Алла Тағала Құранда:
وَلَا تَجَسَّسُواْ وَلَا يَغۡتَب بَّعۡضُكُم بَعۡضًاۚ
«Бір-біріңді аңдымаңдар және біріңді-бірің ғайбаттамаңдар!» – деп ескерткен («Хұжұрат» сүресі, 12-аят).
Екіншісі: сен қабырғадан асып кірдің. Ал Алла Тағала:
وَلَيْسَ الْبِرُّ بِأَنْ تَأْتُوا الْبُيُوتَ مِنْ ظُهُورِهَا وَلَكِنَّ الْبِرَّ مَنِ اتَّقَى وَأْتُوا الْبُيُوتَ مِنْ أَبْوَابِهَا
«…Шынайы ізгілік һәм нағыз кемелдік үйлерге арт жағынан кіруде емес, шынайы ізгілік һәм нағыз кемелдік – барынша тақуа болуға тырысатын адамның жай-күйі. Ендеше, үйлерге есігінен кіріңдер», – деген («Бақара» сүресі, 189-аят).
Үшіншісі: сен рұқсатсыз кірдің. Ал Алла Тағала:
يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا لَا تَدْخُلُوا بُيُوتًا غَيْرَ بُيُوتِكُمْ حَتَّى تَسْتَأْنِسُوا وَتُسَلِّمُوا عَلَى أَهْلِهَا
«Уа, иман келтіргендер! Өз үйлеріңнен басқа үйлердің босағасынан үй иелерінен рұқсат сұрамайынша һәм сәлем бермейінше аттамаңдар», – деп бұйырған («Нұр» сүресі, 27-аят).
Сонда Омар (Алла оған разы болсын):
- Дұрыс айттың, – дейді де:
- Мені кешіресің бе? – деп сұрайды.
Әлгі кісі:
- Алла сені кешірсін, – дейді.
Омар (Алла оған разы болсын) сол жерден шығып бара жатып:
- Егер Алла Омарды кешірмесе, Омардың соры қайнады! – дейді.
Ал басқа бір риуаятта Омар (Алла оған разы болсын):
- Кел, сен тәубе ет, мен де тәубе етейін, – деген екен.
Ол кісі:
- Иә, – деп жауап берген.
- Қонақ алғыс айтып, батасын беріп, разы көңілмен шығу. Әнас ибн Мәлик (Алла оған разы болсын) былай дейді: Бірде Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Сағд ибн Убаданың үйінде ас ішті. Сағд ибн Убада (Алла оған разы болсын) ұлы сахаба, ансарлардың көсемі, Хазраж тайпасынан, Ақаба түнінде ант берген сахабаның бірі. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тамақтанып болып, асын тәмамдаған соң былай деді:
أَكَلَ طَعَامَكُمُ الأَبْرَارُ، وَأَفْطَرَ عِنْدَكُمُ الصَّائِمُونَ، وَصَلَّتْ عَلَيْكُمُ الْمَلَائِكَةُ
«Астарыңды тақуа, ізгі жандар жесін. Үйлеріңде ораза ұстағандар ауыз ашсын. Сендерге періштелер дұға етсін» (имам Әбу Дәуід). Бұл дұға қонақ болып барған кісінің үй иесіне жасайтын алғысы һәм дұғасы мен сыйы.
Сонымен қатар қонақ кісі үй иесінің кемшілігін емес, көрсеткен құрметін есте сақтауы тиіс. Халқымызда біреудің үйіне қонақ болып барсаң «Соқыр болып кір, мылқау болып шық» – деген. Сондықтан қонақ болып барғанда да өзіндік әдепті сақтап, құрметпен шыққан жөн.
Құметті жамағат!
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мұсылман баласын қонақ күтуге шақырған. Ал халқымыз қонақ күтуді тек бір ғұрып ретінде ғана емес, үлкен адамгершілік ұстаным ретінде қабылдаған. Себебі көшпелі өмір салты жағдайында кез келген жолаушыға есік ашып, ас-су беру халықтың өзара ынтымағын, бауырмалдығын нығайтатын қасиетті қағида болған. Тіпті, бейтаныс жолаушыға да төрінен орын ұсынып, ас-дәмін берген. Сол үшін халық дәстүрінде «Арнайы қонақ», «Құдайы қонақ» деген ұғым қалыптасқан.
Қорыта айтқанда, қонақжайлық кеңпейілділікке, көркем мінезге, бауырмалдық пен мейірімге тәрбиелейді. Осындай әдеп сақталған жерде қоғамда сыйластық артады, адамдардың жүрегіне мейірім мен жылулық орнайды. Ал қонақ кірген үйге береке мен тыныштық бірге еніп, сол шаңырақта Алланың рақымы тұрақтайды.
Алла Тағала қасиетті Рамазан айында жасаған әрбір ізгі-амалдарымыз бен жұма күнгі жасаған дұға-тілектерімізді қабыл етсін! Әмин!





































