Ақтөбе облысы: Құрбан айт – 2023 \ 1 күн\ репортаж (ФОТО) 2805

Ақтөбе облысы: Құрбан айт – 2023 \ 1 күн\ репортаж (ФОТО)

28 маусым 2023 445 Оқу 1 минут

Жер бетіндегі барша мұсылман қауым үшін ең қасиетті саналатын екі ұлық мерекенің бірі – Құрбан айт мейрамына орай айт намазына 45 000 адам жиналып, ҚМДБ Ақтөбе облысы өкілдігі жоғары деңгейде атап өтті. 

Аталған мерекелік шараға облыстың әкімі Ералы Лұқпанұлы мен қала әкімі Азамат Бауыржанұлы, зиялы қауым өкілдері мен ҚМДБ ақсақалдар кеңесінің мүшесі, «Имани жаз – 2023» сауат ашу курсының шәкірттері, жамағат пен қала, аудан, ауыл тұрғындары қатысты.

Облыс, қала, аудан, ауыл мешіттерінде ұлттық нақыштағы іс-шаралар ұйымдастырылып, қасиетті күннің маңыздылығы туралы уағыз-насихаттар айтылды.

Сонымен қатар ақсақалдарға, ақ жаулықты аналарға құрмет көрсетілді. Ұлттық ойындардан атап айтсақ, тай жарыс, қазақша күрес, қол күрес, гір тасын көтеру, аударыспақ, өгіз тартыс, қой көтеру, арқан тартыс, жебе тарту, асық ату, ләңгі тебуден т.б сайыстар өтіп, үздіктер марапатталды.

Арнайы киіз үйлер тігіліп, айттық дастарханы жайылды. Ал балаларға арнайы ойын алаңы ұйымдастырылып және айттық үлестірілді.

Одан өзге Шалқар ауданында ауданның Бас имамы Абзал Медетбеков «Ел үлесі – пәтерге» қайырымдылық акциясы аясында республика бойынша 665-шы баспана кілтін Шалқар ауданының тұрғыны, аз қамтылған отбасы, мешіт жанашыры Саламат Нығыметовке

табыстады.

Ұлық мерекені ұлықтау мақсатындағы шаралар 3 күн жалғасын табады.

Айта кетсек, айттың алғашқы күні ҚМДБ Ақтөбе облысы өкілдігінде 70 іс-шара өтті.


Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі