"Әл-Латиф" мешітінде «Шәй үстіндегі сұхбат» рухани отырысы өткізілуде
ҚМДБ-ның 2026 жылға арналған «Ислам және адал қоғам» бағыты аясында Ақтөбе қаласындағы «Әл-Ләтиф» мешітінде жамағатпен тұрақты түрде «Шәй үстіндегі сұхбат» ұйымдастырылып келеді. Атап айтқанда, мешіттің Бас имамы Рүстембек Аманғосұлының бастамасымен әр бейсенбі сайын жамағат арасында «Шәй үстіндегі сұхбат» рухани отырысы өткізіліп келеді.
Басқосудың негізгі мақсаты – жамағат арасындағы ауызбіршілікті нығайту, діни сауаттылықты арттыру және имандылық құндылықтарын насихаттау.
Кезекті кездесуге Ақтөбе қаласындағы «Бақытжан» мешітінің Бас имамы, ҚМДБ-ның Ақтөбе облысы бойынша «Дәстүр және отбасы» бағытына жауапты маман Еламан Кәрім арнайы қатысып, жамағатпен жүздесті. Кездесу барысында Еламан Кәрім Ислам діні мен ұлттық дәстүрдің сабақтастығы, адалдық пен адамгершіліктің маңызы жөнінде тағылымды уағыз-насихат айтты. Сондай-ақ күнделікті өмірде адалдықты берік ұстанудың, отбасы мен қоғам алдындағы жауапкершілікті сезінудің маңыздылығына тоқталды. Рухани басқосу барысында жамағат көкейіндегі сауалдарын қойып, өзара пікір алмасты.
Жылы жүздесуге ұласқан отырыс жамағаттың рухани байланысын нығайтып, ізгілік пен бірлікке үндеген тағылымды кездесу болды.





































