Бақытжан мешітінің шәкірті Қасиетті Құранды толық жаттап, қари атанды 5821

Бақытжан мешітінің шәкірті Қасиетті Құранды толық жаттап, қари атанды

19 қаңтар 2026 84 Оқу 1 минут

Бақытжан мешітінің рухани өмірінде айтулы қуанышты жаңалық орын алды. Мешіт шәкірті Мүйтенова Аделя Қасиетті Құранды бастан-аяқ толықтай жаттап, қари атанды.

Аделяның рухани жолы Бақытжан мешіті жанындағы діни сауат ашу курсынан бастау алған. Осында ол алғашқы діни білімін меңгеріп, Құранға деген сүйіспеншілігі мен ықыласын қалыптастырды. Бүгінгі таңда Бақытжан мешітінің шәкірттері — Мүйтенова Аделя, Өтепова Қарлығаш және Рузанна Ерболатқызы — «Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің» студенттері атанып, жоғары діни білім алып жүр.

Университет қабырғасында білім ала жүріп, олар асыл дініміздің негіздерін терең меңгерумен қатар, ұстаздық мамандықты игеріп, қарилық жолында жүйелі түрде еңбек етуде. Қасиетті Құранды жаттау – үлкен сабыр мен тұрақтылықты талап ететін рухани жол. Осы жолда биыл Мүйтенова Аделя Құранды толықтай жаттап шығып, қари атану мәртебесіне ие болды.

Бұл қуанышты сәтке Аделяның алғашқы ұстазы, Бақытжан мешітінің ұстазы Қойшығұлова Анар арнайы қатысып, шәкіртінің жетістігіне куә болды.

Сонымен қатар, «Нұр-Мүбарак» университетінің ұстазы, белгілі қари Абдухалық қари Анар ұстазға және жамағатқа жүрекжарды лебізін білдіріп:

«Бұл – ортақ жемісіміз. Бұл тек мешіттің, жамағаттың немесе ұстаздың ғана емес, еліміздің қуанышы мен мақтанышы. Ақтөбе өңірінде тағы бір қари тәрбиеленіп шықты. Құтты болсын!» – деп батасын берді.

Аталмыш жетістік Бақытжан мешітіндегі діни білім беру ісінің жүйелі әрі нәтижелі жүргізіліп жатқанын көрсетеді. Бұл — жастарды Құранмен тәрбиелеу жолындағы еңбектің жемісі, әрі келер ұрпаққа үлгі боларлық рухани қуаныш.