Кәсіпкер мешіт қызметкерлеріне зекет үлестірді 6057

Кәсіпкер мешіт қызметкерлеріне зекет үлестірді

12 наурыз 2026 54 Оқу 1 минут

ҚМДБ Ақтөбе облысы өкілдігінде ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы бекіткен Рамазан айының жоспарына сәйкес, Ақтөбе қалалық орталық мешітінде қайырымдылық шарасы өтті.

Дініміз Исламдағы аса мән берілетін құндылықтардың бірі – қоғамға пайдалы болу. Әрі мұсылман бауырының қажетінде болып, бауырмалдық пен жанашырлық таныту – сауапты амалдардың бірі.

Осыған орай, мешітіміздің жанашыр кәсіпкер жамағаты игі іске үлес қосып, мешіт қызметкерлеріне қолдау ретінде жалпы сомасы 2 миллион теңгені құрайтын зекет қаражатын табыс етті. Бұл қаражат мешіт қызметкерлеріне үлестіріліп берілді.

Жомарт жамағатқа мешіттің бас имамы Алмат Әли арқылы алғыстарын білдіріп, атқарылып жатқан игі істерге береке тіледі.

Жалпы, зекет берудің маңызы туралы қасиетті Құранда Бақара сүресінің 261-аятында Алла Тағала: «Алла жолында малдарын жұмсағандардың мысалы – әр сабағында жүз дән бар жеті сабақ өсірген бір дән секілді. Алла қалағанына еселеп береді», – делінген.

Осындай игі іске ұйытқы болған жомарт жамағаттың отбасына амандық, деніне саулық, кәсібіне береке тілейміз. Алла Тағала жасаған қайырымдылықтарын қабыл етіп, сансыз сауаптар нәсіп еткей!