Күрделі діни сұрақтарға жауап берілді
Әдеттегідей қасиетті жұма күні Ақтөбе қаласындағы мешіттерде имамдар жұма намазынан кейін жамағатпен арнайы жүздесіп, діни сауалдарға жауап беріп, «пәтуа сағатын» өткізді. Бұл игі шара барысында тұрғындар көкейінде жүрген түрлі мәселелерін қойып, шариғат шеңберінде нақты әрі тұшымды жауаптар алды.
Атап айтқанда, «марқұмның қабірінен топырақ алып, оны басқа жерге апарып бейіт тұрғызу үкімі» кеңінен түсіндірілді. Имамдар бұл мәселеде ислам шариғатының талаптарын негізге ала отырып, қабірдің құрметі мен оған қол сұқпаудың маңыздылығын жеткізді. Сондай-ақ, «топырақ алып, басқа бейітке салу» әрекетінің діни тұрғыдан дұрыс еместігі, мұндай істердің негізсіз ырым-сенімге жататыны айтылып, жамағатқа сақ болу керектігі ескертілді.
Бұдан бөлек, жамағат тарапынан намаз, ораза, зекет, отбасы құндылықтары және күнделікті өмірде кездесетін түрлі діни мәселелер бойынша да сұрақтар қойылып, барлығына Құран мен сүннет негізінде жауаптар берілді. Имамдар халықты дәстүрлі ислам құндылықтарын ұстануға, теріс ағымдардан сақ болуға және діни білімді сенімді дереккөздерден алуға шақырды.
Осындай пәтуа сағаттары жамағаттың діни сауатын арттырып, қоғамда дұрыс түсініктің қалыптасуына өз үлесін қосуда.







































